Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралда «Толқынды Арал» атты шығармашылық көрме ашылды

Аралда «Толқынды Арал» атты шығармашылық көрме ашылды

Арал аудандық мәдениет үйінде ҚР Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толуына орай ҚР Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, Көлбай Әбілханұлының «Толқынды Арал» атты шығармашылық көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрменің ашылу салтанатында Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Досымжанұлы және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешов сөз сөйлеп, көрменің ашылуымен құттықтады.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның бейнелеу өнерін насихаттап жүрген өңіріміздің танымал өнер иесінің шығармашылығын туған жерінде дәріптеу, халық арасында кеңінен насихаттау.

Бүгінгі көрмеге суретшінің қылқаламынан шыққан майлы бояумен, акварельмен орындалған және графикалық, әзіл суреттерінен 70-ке жуық туындылары қойылды.

Көлбай Әбілханұлының жұмыстары пейзаж, тұрмыстық жанрға негізделіп салынған. Көрмеде көпшілік назарына ұсынылып отырған шығармалардың көбісі акварель бояуларымен орындалған. Суретші ішкі жан дүниесіндегі сезімдерді көрерменге жеткізу үшін осы акварельдің мүмкіндігін қолданған. Суретшінің шығармаларының басты нысаны өзінің туған жері, кейіпкерлері өзінің туыстары мен жерлестері. Акварель бояулары қағаз бетіне мөлдір болып түседі, сол мөлдірлік акварель туындыларының ең басты қасиеті болып табылады.

Қазақстан Суретшілер, Журналистер одағының мүшесі, «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі» үшін төс белгісінің иегері, суретші Көлбай Әбілханұлы 1945 жылы 1 тамызда, Арал қаласында дүниеге келді. 1953-1964 жылдары Т.Г.Шевченко атындағы қазақ орта мектебін бітірген. 1964-1967 жылдары Қазалы Зовет техникумының мал дәрігерлік бөлімін бітірген. 1967-1972 жылдары АХУ-дың суретші (пед.) бөлімін бітірген. 1972 жылы Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко мектебінде сызу және суреттен сабақ беретін ұстаз. Кейін Қызылордаға келіп, әр салада суретшілік жұмыстар атқарған. 1981-1991 жылдары облыстық суретшілер шеберханасында суретші болып жұмыстар атқарған. Облыстық, республикалық көрмелерге қатысқан. 1991-2008 жылдары Қызылорда қаласындағы №176 мектепте сурет және сызудан дәріс беретін ұстаз болды. Мектеп арлық жарыста 1-орын, алғыс, мадақтаулар алған.

Жазған ертегілері, құрама суреттерімен бірнеше мәрте республикалық «Ақ желкен» балалар журналында жарық көрген. Әзіл суреттері республикалық «Ара», «Жас Алаш» газеттерінде бірнеше мәрте жарық көрген. Мектепте ұстаздық жұмыс жасай жүріп, облыстық «Сыр мектебі» газетінде әзіл суреттері, ертегі құрама суреттері тұрақты жарық көрген. Республикалық Самала «Көз» газеттерінде әңгіме суреттері жарық көрді. «Ақмешіт ақшамы» газетінде көркемдеуші-суретші болып жұмыстар жасаған.

Бірнеше прозалық кітаптардың авторы:

1. «Талант пен тағдыр» редакторы/ Жазушы Сарыбұлақ Ибрашұлы;

2. «Жекелендіру бастауы» редакторы/ Жазушы, ақын Құдайберген Сейсенәлі;

3. «Жақсылар мен Жауыздар» редакторы Қуаныш Маханбет Қазақстан Журналистері сыйлығының лауреаты, ҚР баспа және полиграфия қайраткері, «Сиқырлы тымақ» ертегісі Қызылорда баспасынан жарық көрген.

2019 жылы Қызылорда қаласында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Замандастар» атты жеке көрмесін өткізді. Қазір жоғарғы білімді зейнеткер.

Көрмеге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері, көрме қонақтары мен аудан тұрғындары қатысты.

kyzylorda-news.kz
28 сәуір 2023 ж. 760 0