Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі өзгерістер

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі өзгерістер

2026 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңа бастамалар 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған ҚР Заңымен көзделген және Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Реформаның негізгі мақсаты – Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру және қаржыландырудың неғұрлым тұрақты сақтандыру моделіне көшу. Бұл туралы брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
МӘМС жүйесімен халықты кеңінен қамту мақсатында жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.
Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы Республика бойынша шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 684 171 адам сақтандырылған, бұл өңір халқының 83,6 пайызын құрайды. Дегенмен, 134 458 адам (16,4%) МӘМС жүйесінен тыс қалды, оның ішінде созылмалы аурулары бар 4 823 адам әлеуметтік осал санаттарға (D және E) жатады.
МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа талаптар енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын).
2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика мен емдеу, сондай-ақ барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкоскринингтер, МӘМС мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі. Сонымен қатар бірқатар созылмалы ауруларды емдеу толық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, МӘМС пакеті аясында жүзеге асырылатын болады.
Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін жаңа ең жоғары шек белгіленеді: жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы, қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақы. Сондай-ақ халықтың жеңілдікті санаттары үшін мемлекет төлейтін жарналарды кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
МӘМС жүйесіне уақытылы қатысу - медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің және отбасылық бюджетті қорғаудың тиімді тетігі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ
Қызылорда облысы бойынша филиалының
халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі

8 (7242) 55 10 16, 55 10 17
Официальный сайт – https://msqory.kz/ru/
Youtube-канал – https://www.youtube.com/@msqory_kz
Telegram-каналhttps://t.me/medsaqtandyru
27 желтоқсан 2025 ж. 67 0