Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық жүйесі сенімге негізделеді

Салық жүйесі сенімге негізделеді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жаңа Салық кодексіне қатысты айтқан ойы қоғамдағы алаңдаушылыққа нақты әрі салмақты жауап болды. Мемлекет басшысы бұл реформаның жұртты дүрліктіру үшін емес, салық жүйесін түбегейлі қайта құру, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін қажет екенін ашық айтты.
Президенттің Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеуді тапсыруы билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға негізделген. Қосымша құн салығына қатысты шешімінде де ол таразы басын тең ұстауға тырысты. Бұрын ұсынылған 20 пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегін төмендету туралы тапсырмасы азаматтардың тұрмысын, бизнестің мүмкіндігін ескергенін көрсетеді.
Және жаңа салық жүйесінде бақылаудан гөрі серіктестікке басымдық берілетінін атап өтті. Оның пайымдауынша, мемлекет, бизнес және азаматтар өз міндетін адал орындаған жағдайда, салық төлеу ауыр жүк емес, өзара тиімді қоғамдық келісімге айналады. Салық – инфрақұрылым салудың, қауіпсіз орта қалыптастырудың және жаңа мүмкіндіктер ашудың құралы.
Президенттің салық төлеуді отаншылдықтың озық үлгісі деп бағалауы да ерекше мәнге ие. Себебі салық мәдениеті – қоғамның сана-сезімі мен әділдікке деген талабын көрсететін өлшем. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі салық реформасының түпкі мақсаты – әділ, ашық және жауапты қоғам қалыптастыру екенін айқын аңғартады.
Г. САҚТАПОВА 

Фото: Н. Нұржаубай
06 қаңтар 2026 ж. 389 0