Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға жүктелген жауапкершілік

Жастарға жүктелген жауапкершілік

Жылдар жігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Turkistan" газетіне сұқбат берді. Басылым беттері мен түрлі ақпарат көздерінде жарияланған бұл әңгімелесуде ауқымды тақырыптар талқыланып, келешекке құрылған жоспардың да бағытын аңғара алдық.
Әлбетте жаңа жылдың жылашар сұқбатта өткен жылдың қорытындысы айтылары анық. Ол жайында журналист сұрағына жауап берген ел Президенті:
– Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек. Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты, – деп атай келе алдағы жұмыстарды жүйеледі. Міндеттерді нақтылап, мақсатты айқындады.
Осы бағытта кәсіпкерлерді де тілге тиек етіп, елдің ертеңі үшін жастарға да жауапкершілік жүктегені көңілді қуантады.
"Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз.
Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді. Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн" – деп жауапкершілік жүктеді. Ендеше жасампаз әрі Жаңа Қазақстанның кемелденуі жолында біз де қарап қалмауымыз керек.
Әдемі ҚУАНДЫҚОВА,
қала тұрғыны

Фото: Нұрболат Нұржаубай
06 қаңтар 2026 ж. 392 0