Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өндірісті өрге сүйреген

Өндірісті өрге сүйреген

Тіршілігі темір жолмен тамырлас Сексеуіл кенті қазіргі таңда еліміз үшін стратегиялық маңызды нүктелердің бірі. Әсіресе, экономиканың күретамыры саналатын темір жол қатынасында алар орны айрықша. Қазақ атырабына картадан көз салсаңыз Оңтүстік-Батыс-Орталық Қазақстанның түйіскен тұсында 15 мыңға жуық халқы бар осы кент көзіңізге түседі. Бір түйіннен тараған жіптей шиырма жолдар сан тарапқа бағыт алып жатыр. Енді Сексеуіл шойын жолдан бөлек автожолдың да орталығына айналатын күн алыс емес.
Жақында Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында пәрмен берді.«Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады» деді Мемлекет басшысы.
Алпауыттар арасындағы сауда айналымында уақыт пен қаржыны үнемдеуде Сексеуіл арқылы салынатын жолдың маңызы ерекше екенін көруге болады. Қалай десек те осы жоба арқылы елдегі көлік қатынасы дамиды, аудан экономикасы өседі, кент тұрғындарының күнкөрісі жақсарады, шалғайдағы ауылдардың тіршілігі жанданады.
Хош. Елдің игілігі үшін жасалар жұмыстарды тілге тиек еттік. Алайда айтқымыз келген әңгіменің ауаны мүлде бөлек. Осы жұмыстардың барлығы бір ғана сәттің жемісі емес еді. Жобалардың жұрт алдында мақұлданып, көптің елегінен өтуі үшін ең кемі 2-3 жылдық зерттеулер жатады. Жол салу жая салатын кілем емес, мұнда экономикалық тиімділік, техникалық негіздеме, жоқ дегенде жүз жылдық берер табысы болуы керек. Ал бұндай жанкешті еңбек үшін тек білім мен тәжірибе ғана емес, сонымен бірге елге болсын деген үлкен жүрек те қажет.
Міне, осындай еңбекпен есейіп, қарапайым жұмысшыдан мекеме басшысына дейін көтеріліп, тіршілігі темір жолға байланған халыққа қалтқысыз қызмет еткен еңбек иесі жайында қалам тербейміз. Темір жол өмір жолына айналған, бар білім мен тәжірибесін туған жердің түлеуі үшін жұмсаған Өмірсерік Жанұзақовтың «еңбек галлереясына» көз жүгіртеміз.
Әлқиссаның басы күре жолмен басталды. Ендеше сөз арасын үзбей кешегі Президент айтқан Сексеуіл-Бейнеу автожолы турасындағы әңгімені әрі қарай жалғап әкетейік. Бұл жол туралы бастаманы осыдан 15 жылдай уақыт бұрын Өмірсерік Жанұзақов көтеріп, тиімділігі туралы мақалалар жазып, министрлікке дейін хат жолдады.
Экологиялық апат аймағындағы Арал маңы халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында, бизнесті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу, елдің Евразия кеңістігіндегі транзиттік әуелетін ескере отырып, Сексеуіл торабын логистикалық орталықтың аймақтағы маңызды буыны ретінде қалыптастыру үшін 20 жылдан бері тынбай еңбектеніп келеді.
Жезқазғанға бағытталған темір жол құрылысына қатысты Шалқар-Бейнеу теміржол бөлігіне байланысты 2008 жылы «Қазақстан теміржолшысы-железнодорожник Казахстана» газетінде «Главное не проиграть в стратегическом плане», сәл кейінірек республикалық «Айқын газетінде «Тағы да сол жол туралы...» деген мақалаларын жариялады. Онда темір жолды Сексеуілден Бейнеуге тарту тиімділігі туралы нақты дәлелдемелер келтіріле отырып ұсыныстарынберді.
Болашақта Жезқаған-Сексеуіл-Бейнеу темір жолы бойымен Жезқазған-Бейнеу автожолын салып, Сексеуіл маңында Батыс Қытай-Батыс Европа (М32) автомобиль жолымен қиылыстырып өткізіп,Ақтау-Атырау автожолына қосу туралы да ұсыныс жасады. Міне бүгінгі автожол туралы алғашқы ұсыныстар сол кезде басталған.
Бұл пікірлер Қазақстанның алғашқы Көлік министрі, бірінші вице-премьер қызметтерін атқарған Н.Есенғарннен, «Қазақстан темір жолы ҰК»АҚ мамандары тарапынан қолдау тапты. Сол Н.Есенғариннің ұсынысымен «Главное-не проиграть в стратегическом нлане» деген мақала 2008 жылы наурыз айында «Актуальные проблемы железнодорожного транспорта Казахстана» деген жинаққа еніп, жоғары бағаланды.
Міне автожол салудың тиімділігін сол кезден бастап қозғап, содан бері аталған мәселелерді шешу туралы ҚР көлік министрлігіне, ҚР Үкіметіне, Мемлекет басшысына нақты ұсыныстар беріп келеді. Үздіксіз ізденіс, нақты дәлел мен сауатты зерттеу нәтижесіз қалған жоқ.
2023 жылдың 27 қарашасында Сексеуіл кентінде 300-ден астам адам қатысқан «Бейнеу-Бозой-Шалқар/Сексеуіл» автожолының құрылысы» техникалық-экономикалық негіздемесінің шешімдері бойынша ашық отырыс нысанындағы қоғамдық тыңдау өткізілді. Оған кент, аудан, облыс басшылығы, «Қазавтожол» ҰКАҚ өкілдері, бас жобалаушы өкілдері «Каздорпроект» ЖШС өкілдері, облыс, аудан,кент қоғамдық және ардагерлер кеңесі мүшелері қатысып, жоба тиімділігін талқылады.
Қоғамдық тыңдау қызу талқыға түскені де жасырын емес. Себебі жол бағытына қатысты екі түрлі нұсқа ұсынылып жүрген еді. Бірінші нұсқа бойынша Бейнеу-Шалқар-Бозой арқылы М32 автожолы Ырғыз маңы арқылы тартылады десе, екінші нұсқа бойынша Бейнеу-М32 автожолы Сексеуіл маңы арқылы тартылады.
Сексеуіл маңы арқылы тарту арқылы 305 шақырым жолды қысқартып, уақыт пен қаражатты үнемдеуге болатынын, жүздеген тонна жанар-жағармай, жоғалатын мыңдаған сағат уақыт, көліктердің қосымша тозу, жол жөндеу шығындарын азайтуға болатынын Өмірсерік Жанұзақов тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Елдің оңтүстігі мен шығысы, орталығы мен солтүстігінің Каспий теңізі жағалауы арасындағы жол қатынасын қысқарту мақсатында Батыс Қытай - Батыс Европа автомобиль жолынан Сексеуіл кенті тұсынан Бейнеуге дейін жол тартып, Ақтау-Атырау автомобиль жолына жалғау ұсынылды. Алайда Сексеуіл арқылы салу қай жағынан да тиімді екені бұлтартпас дәлелмен сызба арқылы сәйкестендірдік. Ырғыз , Шалқар жағында қыс айларында ауа райының ерекшелігіне сәйкес болатын қарлы боран, көктайғаққа байланысты жол жиі жабылады. Мұны да ескеру қажеттігін айттым. Оған қоса әлем назарын аударып отырған Арал шетелдіктер үшін туризм аймағы. Осы жол арқылы біз тартылған теңіз табанын көзбен көруге мүмкнідік береміз. Теңіз жағалай қоныстанған ауылдардың тіршілігне жан бітіреміз. Мәселен бұл жол Қосаманнан – 9, Ақеспеден – 4, Ақбастыдан – 40, Құландыдан – 32 шақырым қашықтықта орналасады. Келешек ауылдар арасын асфальтпен жалғау да қиындық тудырмайды» деді кейіпкеріміз көптің алдында.
Бұлтартпас дәлел бұлжымас заңдай естіліп, ұсыныс қолдау тапты.
Болашақ салынатын автожол жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау «Каздорпроект» ЖШС-іне жүктелген еді. Жобалаушылар жұмысына көмектесіп, жол көрсету мақсатында бір топ еріктілермен (С.Жанғазиев,М,Жалпыбаев,С.Қожанов) Бейнеу бағытындағы Бозой елді мекеніне бірнеше рет барып қайтып, басталған істі соңына дейін жеткізуге жан дәрменін аяған жоқ. Әйтпесе елсізбен бірнеше күн ми даланы шарлау, жол азабын тарту кімге қажет.Ұйымдастыру шараларының нәтижесінде жобалаушылар жолдың техникалық-экономикалық негіздемесін жасауда уақыт шығынын азайтып,жұмысты барынша тез аяқтауға мүмкіндік алды.
Қаумалаған халық, көкейіндегісін естіген жұрт қоғамдық тыңдауда әр сөзге шапалағымен қолдау білдірді. Тапсырыс берушілер мен жобалаушылар барлық ұсыныстарды қабылдап, тағы бір мәрте қарастырып, қабылданған шешім жайлы Арал аудандық әкімдігі арқылы қосымша хабарлайтынын жеткізген еді.
Арада көп уақыт өтпей-ақ 4 желтоқсан күні Қызылорда қаласында бір топ белсенділермен ҚР көлік министрі М.Қарабаевтың жеке қабылдауында болып Сексеуіл-Бейнеу автожолы нұсқасы туралы талқылау өткізіп, тағы да мәселеге министрдің назарын аударды. Тымымсыз жүргізілген нақты іс-әрекеттер өз нәтижесін беріп, ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының келісімімен Сексеуіл-Бейнеу автожолын салу туралы шешім шығарды. Міне неше жылдан бергі үздіксіз ұсыныстың нәтижесі елдің де, өзі туған өлкенің де игілігі үшін іске асқалы тұр.
Өмірсерік Жанұзақовтың темір жол саласына да сіңірген еңбегі зор.Кеңестік және өтпелі кезеңдегі теміржол саласының барлық қиындығын көріп, өндірістің нағыз қайнаған ортасында шыңдалған, туған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.Арал өңірінің қатаң табиғаты мен еңбекке ерте баулитын ортасы оның мінезін де, кәсіби ұстанымын да қалыптастырды. Алматы көлік инженерлері институтында алған білімі мен Сексеуіл локомотив депосындағы алғашқы еңбек қадамы оның бүкіл ғұмырын теміржолмен тығыз байланыстырды. Жөндеушіден бастап, инженер, бас технолог,депо бастығының тепловоз жөндеу жөніндегі орынбасары, бас инженер, локомотив депосының бастығына дейінгі қызметтік жол – тек мансаптық өсу ғана емес, үлкен мектеп, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесі еді.
Ел тарихындағы ірі құрылымдық өзгерістер, теміржол саласының қайта құрылуы, жаңа жолдардың салынуы мен өндірістік қуаттың артуы – осының барлығы Сексеуіл локомотив депосының тағдырымен, ал депо тағдыры кейіпкеріміздің кәсіби шешімдерімен тығыз сабақтасты. Ол басқарған жылдары депо тек өндірістік орталық қана емес, мыңдаған адамға тұрақты жұмыс, әлеуметтік қолдау, рухани және мәдени орта ұсынған ірі ұжымға айналды.
1969 жылы Сексеуіл локомотив депосына тепловоз жөндеушісі болып жұмысқа орналасқан кезде депода 300 дей адам жұмыс істейтін. 1976 жылы КСРО министрлер кабинетінің шешімімен Түркістан мен Қандыағаш станциялары аралығында екінші жолдар салынатын болды. Сонымен қатарбұрынғы Қазақ темір жолы Алматы,Тың,Батыс Қазақстан темір жолы болып үшке бөлінді. Сексеуіл локомотив депосы Батыс Қазақстан темір жолы құрамында қайта құрылды және депоны жарақтандыру жұмыстары басталған еді.
Сол кезеңде құрылыс жұмыстарына алғашқы күннен бастап араласып, жобалау жұмыстары мен құрылыс мекемелері (СМП-255,СМП 219 мамандарымен депоның цехтары мен бөлімшелерін («Плауэн», «ФСЭ» т.б) салуға атсалысты. Сонымен қатар технологиялық құрал-жабдықтарды құрастыру және орналастыру жұмыстарымен тікелей айналысты.
1979 жылдан бастап Сексеуілдегі мекеме негізгі депо болып жариялануына байланысты тепловоздар бекітіліп беріле бастады. Олар Шалқар және Жем локомотив деполарының паркінде болып әбден тозығы жеткен тепловоздар еді. Өмірсерік Жанұзақов бұл кезде бас технолог қызметінде. Тепловоздардың техникалық жағдайын қалпына келтіру мақсатында экономикалық тиімділігі ондаған миллион теңге болатын жүзден астам техникалық жаңалықтарды (рационализаторлық ұсыныстарды) өндіріске енгізген. Қарапайым тілмен айтсақ өзгенің қалдығын өз күшіңмен қайта жасап шығу.
Кейін Локомотив депосы басшысы қызметіне келді. Бұрынғы кәсіпорынның ауқымын кеңейтіп, тепловоз жөндеу көлемін ұлғайту арқылы мекемедегі жұмысшылар санын 1300 адамға жеткізді. Тіпті қосалқы қосалқы шаруашылыққа күш салып түйе басын 500 ге жеткізіп, жұмысшыларды ет, шұбат тағамдарымен қамтамесыз етті. Кісіге болсын дейтін көңіл оның еңбек күшін еселей түсті. Қарапайым жұмысшының қадірін арттырып, еңбек адамына ерекше қолдау білдірді.
Тұрғын үй-91 бағдарламасы бойынша жұмысшыларға бірнеше үй салып беріп, көптің ықыласына бөленді.Зейнеткерлерге қыс мезгілінде тегін көмір босатып аға буынның батасын алды. Қара жұмыспен күн өткізбей, жұмысшылардың спорт пен мәдениетке, денсаулығының дұрыс болуына жағдай жасады. Осылайша бу қазандығынан босаған ғимаратты қалпына келтіріп қажетті инвентарымен спорт залын ашты.
Медициналық-сауықтыру орталығын ашып, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырып депо жұмысшыларына қызмет көрсетуге мүмкіндік жасады.Кенттегі 280 балаға арналған «Жауқазын» балабақшасына сыйымдылығы үлкен қаңқалы жиналмалы бассейн тарту етті. Өмір жолын өндірістің дамуына арнаған ол өзі қызмет еткен кәсіпорын аумағына аранайы қоршау жүргізіп, асфальттап, аллея жасатып,субұрқақ(фонтан) орнатып, көгалдандырып, жұмысшылар үшін шағын саябақ ашты.
Тоқсаныншы жылдардың басында одақтың тарауымен келген елдегі бюджет тапшылығына байланысты қиын кезеңде аудандық ішкі істер бөлімі басшысы А.Ашировтың өтінішімен қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін депо есебінен Сексеуіл кентінде қосымша бір учаскелік инспектор штатын ұстауға мүмкіндік жасаған.
Тәуелсіздігімізді алар тұста 1991 жылы 11-13 желтоқсанда Сексеуіл локомотив депосы тарихында тұңғыш рет Батыс Қазақстан темір жолы локомотив шаруашылығы қызметкерлерінің сьезі өткізуге мұрындық болған еді. Сьезге Батыс Қазақстан темір жолы басшылығы,15 локомотив депосы басшылары мен мамандары,барлығы 100 ге тарта адам қатысқан.
Сьезд делегаттары Сексеуіл локомотив депосының жұмысына жоғары баға беріп, депо бастығы Өмірсерік Жанұзақовқа «Құрметті теміржолшы» атағын беруге лайық деп тауып, еңбегіне ерекше құрмет көрсеткен еді.Тіпті, Кеңес Одағы Қатынас жолдары министрлігіне құжаттар дайындауға бір ауыздан ұсыныс жасаған болатын. Алайда бірнеше күн өткен соң Кеңестер одағының тарауына байланысты бұл атақ берілмей қалды.
Алайда кейіпкеріміз арада қанша уақыт өтсе де атақ сұрап, артынан қумады. Еңбегім елге, қызметім халыққа деген ең ұлы қағидамен өмір сүрді. Алайда жасалған еңбекке жанашыр табылмаса, еткен қызмет, төккен терге лайықты құрмет көрсетілмесе қоғам шын асылын ажырата ала ма.
Бір мекемені басқара отырып бүтін бір кенттің еңбеккерлеріне қамқорлық көрсеткен, аудан экономикасына үлес қосқан, күре жолдың тамырына қан жүгіртіп, зейнет жасына шықса да білімі мен тәжірибесін туған жерді түлетуге арнап келе жатқан Өмірсерік Жанұзақовтың еңбегін бүгін бағалай білуіміз, ертеңгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек деп есептейміз.
Мади Құрманәлиев
12 қаңтар 2026 ж. 178 0