Көл жағасындағы құтты қоныс
Сыр бойының жазира даласында, ғасырлар тынысын өз бойына сіңірген қасиетті мекендердің бірі – Қамыстыбас ауылдық округі. Тарихы 1918 жылдан бастау алатын бұл өлке бір ғасырдан астам уақыт бойы елмен бірге жасап, заман ағымымен қатар дамып келеді. Қарапайым ауыл тіршілігінің өзінен үлкен мән тауып, еңбекті өмір салтына айналдырған Қамыстыбас – бүгінгі күні де берекелі еңбегімен, ұйымшыл халқымен ерекшеленетін ауыл.Облыс орталығынан 400 шақырым, аудан орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқанымен, Қамыстыбас ел өмірінен шет қалған емес. Мұнда тіршілік таңмен бірге оянып, кешпен бірге дамыл табады. Округ құрамындағы Қамыстыбас ауылы мен Сорбеткей елді мекенінде барлығы 2001 адам тұрады.
Ауылдың байлығы – адам
Қамыстыбас халқы – еңбектің қадірін білетін, туған жермен тіл табысқан жандар. Нақтырақ айтсақ, 1053 ер мен 948 әйел бір ауылдың тіршілігін өргізіп отыр. Жастар саны – 701. Мектепке асыққан балалардың күлкісі, жастардың спорт алаңындағы қозғалысы, үлкендердің ақ батасы ауыл өміріне ерекше рең береді.
Балалардың саны да аз емес. 6 жасқа дейінгі 254 бала мен 6-18 жас аралығындағы 479 жеткіншек – ауылдың үзілмес үміті. Ал 202 зейнеткер – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Олар ауыл тарихының тірі куәгері, жас буынға бағыт-бағдар беретін ақылман жандар.
Еңбек – ауыл өмірінің өзегі
Қамыстыбас – еңбекті ел өзегіне айналдырған округ. Экономикалық белсенді халық саны – 836 адам. Соның 825-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – шағын ауыл үшін үлкен көрсеткіш. Жұмыссыздық деңгейінің небәрі 0,8 пайыз болуы – ел ішіндегі тұрақтылық пен еңбекке деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Ауыл тұрғындарының бір бөлігі – жалдамалы қызметкерлер. Олар мектепте, дәрігерлік амбулаторияда, мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді. Ал 263 адам өз бетінше еңбек етіп, мал бағып, кәсіп ашып, күнделікті тіршілігін дөңгелетіп отыр.
Мал шаруашылығы – ата кәсіптің жалғасы
Қамыстыбас үшін мал шаруашылығы –өмір салты. Кең жайылымды далада төрт түлік мал өріп жүр. 2026 жылғы дерек бойынша округте 850 бас ірі қара, 2390 бас уақ мал, 538 жылқы, 230 түйе бар.
6742 гектар жайылымдық жер мал өсіруге толық мүмкіндік береді. Таңсәріден өріске бет алған малшылар, кешке қарай қораға мал жинаған ауыл адамдарының тіршілігі – дала мен адам арасындағы үндестіктің айқын көрінісі. Қамыстыбас үшін мал – тек табыс көзі емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қасиетті кәсіп.
Кәсіпкерлік – ауыл дамуының жаңа тынысы
Ел экономикасын дамытушы күштердің бірі – кәсіпкерлік саласы екені анық. Қазіргі кезде өз кәсібін ашып, еңбегінің жемісін көріп отырған жандар жетерлік. Ауыл тұрғындары да бұл саладан қалыс қалған емес. Бүгінде округте 123 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 7 заңды тұлға, 96 жеке кәсіпкер, 20 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Ауыл ішінде 44 дүкен, 5 шағын цех, түрлі сауда және тұрмыстық қызмет көрсету нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Олар ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттілігін өз жерінде өтеуіне мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпкерлік – ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жастардың туған жерінде қалуына жол ашатын маңызды салаға айналуда.
Білім, мәдениет және спорт – рухани үштік
Ауылда бір орта мектеп бар, онда 415 бала білім алады. Мектеп – ауылдың жүрегі, тәрбиенің бесігі. Сондықтан да мектепке қосымша жапсаржай салу мәселесінің көтерілуі – орынды әрі өзекті жайт.
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында. Ал ауылдағы кітапхана – білім мен ойдың ордасы болса, клуб – ауыл өмірінің мәдени орталығы. Мұнда барлық даталы мерекелер аталып өтіліп, ауыл халқының қуанышпен қауышатын ордасына айналған.
Спорт саласында да қозғалыс бар. Спорт мектебі, спорт алаңы, балалар ойын алаңы – жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашып отыр.
Денсаулық пен әлеуметтік қолдау
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Атаулы ауылдық округте 2014 жылы бой көтерген, сыйымдылығы 19 төсек орындық медициналық амбулатория бар. Онда 2 дәрігер мен 25 медицина қызметкері еңбек етеді. Сондай-ақ балаларға арналған «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы баршамызға таныс болар. Мұндағы негізгі мақсат қосымша білім берумен қатар, түлектерді ҰБТ-ға дайындау және де семинар, конференциялар өткізу болып отыр,–дейді ауыл әкімі Азат Төлебайқызы.
Әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған емес. Бүгінде бір отбасы тұрғын үй жәрдемақысын алып отыр.
Инфрақұрылым және алдағы міндеттер
Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар, жалпы ұзындығы 404 шақырымды құрайды. Көшелердің 6 шақырымы асфальтталған. Дегенмен, екі көшеге асфальт салу қажеттілігі әлі де өзекті.
Қамыстыбас ауылдық округі –еңбегімен еңселі, болашағына сеніммен қарайтын мекен. Мұнда жер де сөйлейді, адам да сөйлейді, еңбек те сөйлейді. Осындай ауылдар барда, елдің де іргесі берік, ертеңі нық болары сөзсіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА Фото: ашық дереккөзден алынды









