Аққұлақ елді мекені атауы қайдан шыққан?
Аққұлақ елі мекені аудан орталығынан 140 шақырымды құрайды. Ал Аманөткел округі орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Атаулы елді мекенде қазіргі заманға дай екі қабатты тоғызжылдық №76 білім ордасы бар. Сонымен бірге ауылда су айдау стансасы, кітапхана, клуб үйі, дәрігерлік пункт бөлімшелері жұмыс істеді. Бұл елді мекенде 47 отбасы, яғни 263 халық тұрады. Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ мұнда 5 шаруа қожалығы жұмыс істейді екен. Ауыл атауының шығу тарихы туралы нақты мәлімет жоқ. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ат үстінде жүріп, дүз кешкен батыр Арыстанбаб туралы ел ішінде «Жолбарыс алған Арыстанбаб батыр» деген сөз болған, руы Кешубай. Ол кісінің құлақтары үлкен, ерекше ақ болған. Сол себепті жеңгелері «аққұлақ» деп атаған. Кейіннен ауыл Аққұлақтың ауылы деп атанып кеткен дейді. Аққұлақ ауылы 1964 жылға дейін Бөген ауылдық кеңесіне қараған, кейін ұйымдастыру кезеңінде Арал қаласында орналасқан «Приарал» совхозының №2 фермасы болып 1964 жылы құрылған. «Приарал» совхозы Сайғонды ауылдық кеңесіне қарады, орталығы Арал қаласында болды. №2 ферма мал өсіру және мал азығын дайындаумен айналысты. 1993 жылы «Приарал» совхозы тарағаннан кейін №2 ферма «Бірлік» кооперативі болып құрылды. 1997 жылы Сайғонды ауылдық кеңесі таратылғаннан кейін жер шекарасы жақын орналасқан Аққұлақ елді мекені Аманөткел ауылдық округіне қарады.
Өз тілшімізден