Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөген: Ауылда ілкімді істер бар

Бөген: Ауылда ілкімді істер бар

tolqyn.kz Айдынды Арал өлкесінің тарихына үңілер болсаңыз теңізбен тамырлас мекеннің төскейіндегі ауыл тіршілігінен де хабардар болғаныңыз жөн.  Ендеше бүгінгі күні аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Бөген ауылдық округі жайында сөз қозғамақпыз. Атаулы ауылдық округ 1921 жылы бой көтеріп, құрамына Бөген және Қарашалаң елді мекенін кіргізеді. Жалпы ауылда 315 тұрғын үй болса, 1818 халық тұрады.
Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі – балық пен мал шаруашылығы болып отыр. Балық аулау маусымында «Бақыт» шаруа қожалығы, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС және де Қарашалаң елі мекеніндегі «Қарашалаң сервистік дайындау орталығы» ЖШС күніне қатарынан 50 тонна балық, сондай-ақ 400 тонна балық сақтайтын мұздатқыш цехтары жұмыс жасап келеді.
Қай ауыл болмасын олардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы екендігі белгілі. Ауылдық округ бойынша осы жылдың қараша айында 2460 бас мүйізді ірі қара, 3380 бас уақ мал, 1467 бас жылқы, сонымен бірге 424 бас түйе малы тіркелген екен. Олардың жалпы саны – 7731 құрап отыр. Оның ішінде биыл «Жасыл дәліз» бағдарламасы бойынша 90 бас мүйізді ірі қара және де 30 бас түйе тіркеуге алынған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары бойынша округ көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді екен. 13 ауыл тұрғыны 10 гектар жерге көкөніс дақылдарын егу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар округте жаңа су айдау насосы пайдалануға берілді. Ендігі кезекте егін егу жұмыстарына қызығушылық білдіріп отырған ауыл тұрғындары бақша дақылдарын егуді қолға алмақ.
Бүгінгі күні атаулы ауылдық округте «Тұщы-2» көлі мен Кіші Арал теңізі аралығында орналасқан Сарытерең (Арық) каналын қазу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен бірге аталған каналды қазу жұмыстарын Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су Ресурстары Комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Қызылорда облысы бойынша филиалы жүргізуде екен.
Тағы айта кетерлік ақпарат, округке қарасты «Тікаша», «Домалақ», «Насос көлі» каналдарын қазу, тазарту жұмыстары өз мәресіне жеткен. Алдағы уақытта «Сафон» каналын қазу, сондай-ақ «Тәуір» бөгетін биіктету жұмыстары қолға алынбақ.
Өңірдің өсіп-өркендеуінің басты себептерінің бірі – жол құрылысының сапасында екендігі анық. Бөген-Ақлақ бағытындағы өтпелі 20,52 шақырымды құрайтын автожолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен бірге бүгінде 12 шақырым жолға асфальт төселіп, Бөген-Аманөткел бағытындағы автожолдың  бүлінген аумақтарына орташа жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр.
Бөген ауылдық округінде ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жандар да баршылық. Мәселен ауылда жеке кәсіпкер Болатпек Алипов өз қаражаты есебінен балабақша құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Сонымен бірге жеке кәсіпкер Ғарифолла Смағұлов өз қаражаты есебінен 200 орындық мейрамхана құрылысын тәмәмдап, қалың көпшілікке пайдалануға берді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Б. Енсепова май құю бекетінің құжатын толық рәсімдеп, жұмыс істеуде. Айта кетейік, ауылдық округ бойынша 3 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант алып, қаржыландырылған болатын.
Бөген ауылдық округінің даму барысымен де таныс болдық. Атаулы ауыл тынымсыз тіршілігінің арқасында ілгері дамып келеді. Тұрғындарға да мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер де баршылық екеніне тағы көзіміз жетті. Ендігі кезекте алдағы уақытта балық пен мал шаруашылығын тіршілік көзіне айналдырған ауыл тұрғындарының ел дамуына қосатын үлестері зор екендігіне сенеміз.

А.НҰРЛАНОВА
24 қараша 2022 ж. 508 0