Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жұмыстар

Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жұмыстар

Бүгінгі таңда ел экономикасының қарыштап дамып, мемлекет табысын арттыру ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Елдегі баға тұрақтылығы да аталған салаға деген қамқорлықтың аясында жүзеге асады. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көрсеткіші 102,4 процентке орындалғаны осының анық дәлелі.
2019 жылдың 1 шілдесіндегі есепке сәйкес аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымындағы түлік саны–мүйізді ірі  қара 55516 басқа, қой мен ешкі 101114-ке және жылқы 37064-ке, түйе 30854 басқа жетті.
«Сыбағаның» сыйы
Осы бағдарлама аясында 2019 жылы ауданға 350 бас мүйізді ірі қара малын шет елден сатып алу жоспары беріліп отыр. Осыған орай Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Әулие төбе» шаруа қожалығы 120 бас және Октябрь ауылдық округіндегі «Жомарт» шаруа қожалығы 100 бас асыл тұқымды ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын әкелу үшін жұмыс істеуде. Қазіргі кезде «Жомарт» шаруа қожалығының басшысы Қазыбек Әлібеков Ресей Федерациясына барып өзіне және «Әулие төбе» шаруа қожалығына алатын малын көріп, 2019 жылдың қазан айында әкелетін болып келісілді. Жоғарыда аталған екі шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын  қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда филиалына барып, кездесіп, мал алуға несиені тамыз айында құжатын тапсыруды жоспарлаған. Мұнан бөлек, биыл ауданға 7800 бас қой сатып алу жоспары берілсе, бүгінгі күнге дейін 1769 бас қой алуға несие алу үшін шаруашылықтар құжатын  тапсырып, қойылатын кепілдерін заңдастыруда.
Тұқымдық түрлендіру жұмыстары да қарқынды. 2019 жылға 7180 бас мүйізді ірі қара малы аналықтарын тұқымдық түр­лендіруге қатыстыру жоспары берілсе, 1449 бас аналық сиыр және 90 бас асыл тұқымды бұқа тұқымдық түрлендіруге қатысуда.
Диқандардың шаруасы ширақ
Осы бағыттағы жұмыстар аясында 2019 жылы аудан бойынша барлығы 203,4 гектар жерге егін егілді. Бұл аумаққа жаңа жоңышқа, картоп, бақша, көкөніс және ескі жоңышқа көшеттері отырғызылды. Ал негізгі егістік аймақ саналатын Ақирек ауылдық округі қажетті суды Басықара каналынан алса, Жаңақұрылыс ауылдық округі егіншілері үшін Қараарық каналының пайдасы мол болып отыр.
Балық – басты байлық
Ал ауданның басты байлығы саналған балық шаруашылығы  бүгінде негізгі кәсіп­тің көзі саналады. 2019 жылға балық аулау лимиті Кіші Арал теңізіне–6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне – 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне – 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне – 31 тонна, сонда аудан бойынша барлық лимит 7067 тонна болып бекітілген. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы, Арал инспекциясы бөлімінің мәліметі бойынша 1 шілдеге дейінгі аулан­ған балық 865 тоннаны құраған. Ал аудандық статистика басқармасының жедел мәліметінде өңделген балық 1468 тонна деп көрсетілген. Балық шаруашылығының өсуіне байланыс­ты қазірде тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтардың да саны көбейіп отыр.
Балық аулаумен қатар оны өңдеу жұмысы да ауданда жолға қойылған. Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен айналысса, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын балық өңдеу зауыттары қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Сонымен қатар ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі бар «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды.
 Міне, осының нәтижесінде Арал ау­дандық аумақтық инспекциясының есебі бойынша Ресейге  –  693,25, Польшаға – 194,40, Украинаға  – 79,99, Қытайға - 180, Нидерландияға - 92,82, Грузияға – 140, Әзербайжанға – 40, Германияға – 16,20 және көршілес Қырғызстанға 9,90 тонна балық экспортталған. Ал балық өсіру бағытындағы жұмыстар өте нәтижелі.
Иә, ауыл шаруашылығын дамыту бағы­тында мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған істер көп. Алдағы уақытта да осы межеден түспей, нәтижеге қол жеткізетініне сенімдіміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
23 шілде 2019 ж. 1 034 0