Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтты мекендегі ұтымды істер

Құтты мекендегі ұтымды істер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді."-деген болатын Президент. Иә, мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі – ауылдардың дамуына жағдай жасау болып табылады. Бүгінгі біздің мақаламыз аудан орталығынан 90 шақырымдай шалғайдағы Қамыстыбас ауылдық округі болмақ.
Қамыстыбас ауылдық округінде жалпы 2 011 халық бар. Соның ішінде, экономикалық белсенді халық саны 836 болса, жұмыспен қамтылғандар 525 және де жастар саны 703-ды құрайды. Оңтүстігінде Аралқұм ауылдық округімен, солтүстігінде Бекбауыл ауылдық округімен, ал батысында Қосжар, ал шығысында Ақирек ауылдық округтерімен шектеседі.
– Жалпы Қамыстыбас ауылында 16 көше бар. Сонымен бірге барлық көшелердің ұзындығы 14,8 шақырым және де асфальтталған. 402 тұрғын үй бар. Мұндағы халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Өткен 2023 жылы ауыл шаруашылығының жалпы саны 3 522 болса, ал осы 2024 жыл басынан бастап біршама дамыған,–деді Қамыстыбас ауылдық округі әкімі Азат Төлебайқызы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға білім беру саласында түбегейлі жаңа тәсілдер қажет екенін айтты. "Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек", –деді Мемлекет басшысы.
Қамыстыбас ауылдық округінде 250 орындық білім ордасы бар. Мұнда барлығы 126 қызметкер жұмыс істесе, 428 оқушы білім алады екен. Сонымен бірге екі қабатты ғимарат бейнебақылау камераларымен толықтай қамтылған. Тағы айта кетерлігі, 130 балаға арналған "Жансая" бөбекжай-балабақшасы өткен 2023 жылы пайдалануға берілген. Мұнда барлығы 130 балаға арналған балабақшада 43 қызметкер жұмыс атқарады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Атаулы ауылдық округте 2014 жылы бой көтерген, сыйымдылығы 19 төсек орындық медициналық амбулатория бар. Онда 38 адам қызмет етеді. Сондай-ақ 30 қызметкері бар, 60 балаға арналған "Қамбаш" олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы баршамызға таныс болар. Мұндағы негізгі мақсат қосымша білім берумен қатар, түлектерді ҰБТ-ға дайындау және де семинар, конференциялар өткізу болып отыр,–дейді ауыл әкімі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды екенін атап өтті. "Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қамыстыбас ауылдық округінде өткен жылы "Дене шынықтыру-сауықтыру" кешені халық игілігіне пайдалануға берілді.
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Атаулы ауылда 2015 жылы салынған, бүгінде 150 орындық орыны және 11 қызметкері бар ауылдық клубы бар.
–Ел экономикасын дамытушы күштердің бірі – кәсіпкерлік саласы екені анық. Қазіргі кезде өз кәсібін ашып, еңбегінің жемісін көріп отырған жандар жетерлік. Ауыл тұрғындары да бұл саладан қалыс қалған емес. Бүгінде «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 4 жобаның тиісті құжаттары тапсырылды. Атап өтер болсам, жүн өңдеу цехы, құрылыс магазинін ашу, тоған шаруашылығы, құс өнімдерін өндіру. Сонымен бірге соңғы 6 айдағы атқарылып жатқан жұмыстар легінде ДК Азилханова А жоба құны 40 млн-ды құрайтын көлік жуу және көлік құралдарын сату, ДК Ипатурова А жоба құны 70 млнды құрайтын Қамыстыбас ауылдық округінен құрылыс заттарын сату орталығы және де ДК «Қалиев А» жоба құны 70 млн Қамыстыбас ауылдық округінен автокөліктерге қызмет көрсету орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ауыл ішінде "Қарағай там" деп аталып кеткен 20 ғасырдың басында салынған көне мектеп ғимаратына толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр,алдағы уақытта музей ретінде пайдалануға берілмек,–деді Азат Төлебайқызы.
Ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ауылдық мәдениет үйімен және ауыл жастарымен бірлесе отырып,мереке-мейрам күндерінде іс-шара,концерт өткізіліп отырады екен. Сонымен қатар тазалық шаралары да мұнда жүйелі жүргізіліп тұрады. Ауылды көркейту мақсатында ауылдың кіреберіс жолының бойына "Қазыналы-Қамбашым" атты жарық шамдарымен безендірілген макет орналастырылды. Ауылдық округтің тазалығына қатысты қатты қалдық қоқыстарды тастайтын ауылдық полигонды толық қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
А. НҰРЛАНОВА
06 тамыз 2024 ж. 132 0