Кәсіпкерлікті қолдау салаға серпін берді

Аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерген болатын. Қазіргі таңда нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ тұрғындар таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жетті. Нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен кәсіпке ниетті жандарды көтеруге бағытталған жастарға бағытталған 2,5 пайыздық несие мен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Аталған бағдарламаның несие мөлшерлемесі де 2,5 пайызды құрайды. Жобаға құжат тапсыру бастаған шақтан бастап Арал ауданының кәсіпкерлері де өздерінің бизнес идеяларын ұсынды. Солардың бірі жартылай дайын өнім шығару ісін қолға алған кәсіпкер Жұлдыз Күшжанова болатын. Бұл жөнінде газеттің өткен санында тақырыпқа арқау еткен болатынбыз.
Кәсіпкер өз сөзінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсібіне қажетті техникаларды алу үшін 2,5 пайызбен несие алғандығын айтты. Құжаттарын рәсімдеуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалы қызметкерлері көмек көрсеткен. Қазіргі таңда Жұлдыз мемлекет қолдауы арқасында өз кәсібін кеңейткен табысты кәсіпкерге айналып отыр.
Жыл сайын ауданда кәсіппен айналысушылар қатары артып келеді. Әркім өзінің қызығушылығы мен тың идеясын табыстың көзіне айналдырып, жұмыссыздықтың санын азайтумен қатар өзі де табысқа кенеліп, халықтың мұқтажын өтеуде. Әрине мұндай бастама мен нәтиже алдағы уақытта да жалғасын табатынына бек сенімдіміз.
Назерке БАҚЫРАН