Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Қарақұм ауылында болды

Аудан әкімі Қарақұм ауылында болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың қала, кент ауылдық округтерде 2022 жылдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері өтуде. Осыған орай бүгін аудан әкімі Қарақұм ауылдық округінде болды.
Тұрғындар алдында есеп берген аудан басшысы өткен жылы бағындырған жетістіктер мен жемісті жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды.
2022 жылы ауданымыз бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6038 бірлікті құрап, есепті кезеңмен салыстырғанда 35 пайызға өсті. Ал, жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5751 бірлікті құрап, 43,6 пайызға көбейді.
«Өткен жылы аудандар арасында орталықтандырылған «Кәсіпкерлік үйі» алғаш болып Арал қаласында ашылды. Қазіргі таңда, нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңа нысан бірнеше мемлекеттік мекемелер мен «Кәсіпкерлік Палатасы» өкілдерінің басын қосты. Нәтижесінде жыл көлемінде ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 1,9 млрд. теңгенің 142 жобасы несиелендірілді. Одан бөлек 74,0 млн. теңгенің 7 жобасы оң шешімін алып отыр. Жыл ішінде «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында жалпы құны 490 млн. теңге болатын 400 жоба қайтарымсыз грант қаражатын алды»- деді Серік Сағитжанұлы.
Қарақұм елді мекенінің халқы қазіргі уақытта ауылдық клуб пен спорт кешенінің қажеттігін көтерді. Мұнымен қоса ауыл маңына мал суаруға арналған су ұңғымасы керектігін де тілге тиек етті.
Өз кезегінде аудан әкімі С. Сермағамбетов су ұңғымасын салу мәселесі бірінші кезекте тұрғандығын, ал спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жауапты бөлімге тапсырма берді. Сондай-ақ барлық ұсыныстар сараланып, тиісті шешімдер қабылданатындығын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 
22 ақпан 2023 ж. 292 0