Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарымсыз грант игілігін қамыстыбастықтар да көруде

Қайтарымсыз грант игілігін қамыстыбастықтар да көруде

Қазіргі таңда Қамыстыбас ауылында «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігі Евразия қоры жүзеге асыратын, АҚШ-тың даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы Әлеуметтік Инновациялар бағдарламасының қолдауымен «Менің дамыған ауылым» атты жобаны жүзеге асыруда. Осының нәтижесінде Қамыстыбас ауылында көптеген игілікті істер қолға алынуда.
Қамыстыбас ауылы аудан орталығынан шалғай орналасқан. Мұнда екі мыңға жуық тұрғын тұрады. Округте жұмыссыздық үлкен мәселе. Бұл аймақтың табиғи-климаттық жағдайы өте қиын – топырағы құмды, азық-түлік қоры жоқ, егіншілікпен айналысуға мүмкіндік аз. Ауыл тұрғындары Қамбаш көлінде балық аулау, түйе өсіру, жағажай туризмімен айналысады. Көл Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан келген 90 000-ға жуық туристер үшін ең танымал жазғы демалыс орны болып табылады. Ауыл халқының бір бөлігі туристерге қызмет көрсету арқылы табыс табады.
Көпшілік күн сайын балық аулаумен айналысады. Осы орайда қолға алынған жобаның ауылдастарға берері көп.
– Жобаның негізгі мақсаты – Қамыстыбас ауылындағы жергілікті өзін-өзі басқарудағы халықтың рөлін арттыру, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру үшін жергілікті маңызы бар мәселелерді сапалы шешуге тұрғындардың қатысуы арқылы дамыту. Жоба аясында ауыл тұрғындары арасында «Бизнес негіздері» курсы өткізіліп, курс қатысушылары арасында шағын бизнес-жобаларының конкурсы өткізіліп, 7 ауыл тұрғынының бизнес-жобалары қаржыландырылды, – дейді «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Жүгінісова.
Осылайша қамыстыбастықтарға жоба үлкен серпіліс беруде. Ауылдағы жұмыссыз жастар мен әйелдер қауымы өздерінің бизнес жобаларын ортаға салып, қордың қолдауына ие болуда. Оларға өз кәсіптерін бастау үшін қажетті құралдарын алуға бастамашы ретінде қордан қайтарымсыз гранттық қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылда кәсіпкерлік дамып, жұмыссыздық деңгейі біршама азаюда. Жоба командасы әрі қарай да осы жобалардың табыстылығын арттыру мақсатында қолдау көрсетуде.
Н. БАҚЫРАН
16 мамыр 2023 ж. 226 0