Семинар-кеңес өткізілді
Арал аудандық сотының төрағасы Р.Алдамбергеновтың төрағалық етуімен «Мұрагерлік құқықтарды қорғауға байланысты істерді қараудағы өзекті мәселелер» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.Шараға аудандық соттың судьялары мен нотариустар қатысты.
Сот төрағасы Р.Алдамбергенов шараны ашып, соттарда қаралатын мұрагерлік құқықтарды қорғауға байланысты азаматтық істердің едәуір бөлігі мұраны қабылдау үшін мерзімін қалпына келтіру туралы істерден тұратындығын айтып, азаматтық заңнамадағы мұра қабылдау тәсiлдерi, мұраны қабылдау мерзiмi, мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмнiң аяқталуына қарай мұраны қабылдау, мұраға құқық туралы куәлiк беру талаптарына тоқталып, заңнаманы қолдануда ескерілуі тиіс мәселелерге назар аудартты. Сондай-ақ, шара барысында нотариустермен жасалатын атқарушылық жазба институтын қолдануды кеңейту мәселелері де сөз болды.
Бұдан соң шараға қатысушылар мұрагерлік құқыққа байланысты туындайтын өзекті мәселелерге қатысты сындарлы пікір алмасып, құқық қолдануда туындауы мүмкін деген өзге де мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмыс сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Арал аудандық соты.










