Мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы инфрақұрылым жасалу қажет
Қоғамда кедергісіз орта қалыптастыру – әлеуметтік әділеттіліктің және адамға деген құрметтің айқын көрінісі. Осы бағытта “AMANAT” партиясы жүзеге асырып келе жатқан “Кедергісіз келешек” партиялық жобасы аясында Арал ауданында кезекті мониторинг жұмыстары жүргізілді.Іс-шараға Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Махамбетжан Ержан Нұрлыбекұлы және “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалының консультанты Сабырбай Ержан Әділжанұлы қатысып, қала орталығындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралады. Мониторинг барысында мүгедектігі бар азаматтардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін пандустардың орнатылуы мен олардың қолданыстағы талаптарға сәйкестігі жан-жақты қаралды.
Тексеру нәтижесінде кейбір кәсіпкерлік нысандарда пандустардың стандарттарға сай келмейтіні, қауіпсіздік талаптарының толық сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты талапқа сай келмеген нысан иелеріне қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілді. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктерді жою және инфрақұрылымды мүгедектігі бар азаматтарға бейімдеу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.
Мониторинг барысында жауапты мамандар қолжетімді орта – тек заң талабы ғана емес, қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Әрбір кәсіпкер өз нысанының барша тұрғынға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы болуын қамтамасыз етуі тиіс екенін жеткізді.
Айта кетейік, “Кедергісіз келешек” жобасының негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыру, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау және кедергісіз орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
#АМАНАТ












