Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Әділ сөз" қорының басшысы президенттен медиаға қолдау көрсетуді сұрады

"Әділ сөз" қорының басшысы президенттен медиаға қолдау көрсетуді сұрады


Kyzylorda-news.kz "Әділ сөз" қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова Қазақстанда ақпарат майданы күшейіп тұрғанын, ал отандық БАҚ жарнама нарығынан айырылып, журналистер толық қорғалмай жатқанын айтты. Ол Президенттен медиаға нақты қолдау көрсетуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарлығаш Жаманқұлова сыртқы ықпалдың күн сайын күшейіп келе жатқанын атап өтті.

"Отандық БАҚ пен кәсіби журналистиканы қолдау маңызды. Шынайы әрі сапалы ақпаратқа сұраныс азайған жоқ. Отандық медиа бірқатар қиындықтарға қарамастан, нәтижелі жұмысын жалғастырып келеді. Осыған байланысты, құрметті президент мырза, БАҚ-ты қолдауыңызды сұраймыз", – деді ол.

Жаманқұлова Қылмыстық кодекстің 158-бабы (Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау) журналистерді толық қорғай алмайтынын да айтып өтті. Ол кейбір құқықбұзушылықтарды қылмыстық санаттан әкімшілік жауапкершілікке ауыстыруды ұсынды.

"Журналистердің кәсіби қызметін тиімді қорғауға мүмкіндік береді", – деп қосты қор басшысы.

БАҚ-қа қатысты тағы бір маңызды мәселе бүгін ішкі нарықтағы жарнаманың 65%-дан астамы YouTube, Meta және TikTok сияқты платформаларға кетіп жатыр. Отандық медиа бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін Жаманқұлова тәуелсіз, мемлекеттік емес ақпарат құралдарына қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

"Осы сала қызметкерлеріне лайық жалақы төлеуге, сапалы мамандарды тартуға жол ашады. Сонда журналистер тапсырыспен жазылатын материалдарға немесе жасырын қаржыландыруға тәуелді болмайды. Ал оқырман кез келген БАҚ-тың артында кім тұрғанын білуге құқылы", – деп түйіндеді Жаманқұлова.

Фото: Pexels
20 қаңтар 2026 ж. 79 0