Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: жаңа мүмкіндіктер

МӘМС: жаңа мүмкіндіктер

Жыл басынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жеңілдігі бар азаматтар санатына әлеуметтік осал топтарға жататын D және E санатындағы азаматтар енгізілді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізбесі кеңейтіліп, олар бойынша тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, МӘМС-тің базалық пакетіне бірқатар созылмалы аурулар енгізілді.
Қызылорда қаласының тұрғыны Зибаш Ахметова қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша диспансерлік есепте тұр. Қазіргі таңда пациент көзге ота жасауға дайындалуда.
- «МӘМС жүйесінде сақтандырылғандықтан, емханада барлық қажетті тексерулерден өтіп, жыл сайын күндізгі стационарда ем аламын. Қазір Емдеуге жатқызу бюро порталы арқылы облыстық ауруханада емделуге дайындалып жатырмын. Медициналық көмек алу барысында ұзақ күту жоқ», - дейді пациент.
№ 4 қалалық емханаға шамамен 41 мың тұрғын тіркелген, олардың 6 мыңға жуығының «сақтандырылған» мәртебесі жоқ. Жыл басынан бастап D және E санатындағы азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуде.
Жалпы тәжірибелік дәрігері Айжан Өтепбергеннің айтуынша, диспансерлік есепте тұрған созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар 16 пациент тұрақты түрде гемодиализ қабылдайды.
«Егер бұл пациенттер МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса, олардың жылдық шығындары 5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Сақтандырылған мәртебесінің болуы медициналық көмекті уақтылы, толық көлемде және қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік береді», - деді дәрігер.
Қызылорда облысында 818 мыңнан астам адам тұрады, олардың 95 мыңнан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында сақтандырылмаған тұрғындар санының біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті.
«Өңірде шамамен 5 мың тұрғын дағдарыстық және шұғыл санаттарға жатады. Оның ішінде 3,5 мыңы - D санаты, шамамен 1 500 адам - E санаты. Әлеуметтік осал азаматтар үшін жарналар медициналық ұйымға жүгінген сәттен бастап жыл көлемінде төленеді. Бұл ретте қосымша құжаттар талап етілмейді», - деп хабарлады«ӘМСҚ» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов.
29 қаңтар 2026 ж. 67 0