Таңдаулылар таланттар саммитінде
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, оларды нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағытталған жобалық және цифрлық дағдылармен қаруландыру. Осы бағытта Алматы қаласында өткен I Таланттар саммиті дарынды оқушылар мен жаңашыл педагогтер үшін маңызды кәсіби алаңға айналды.Саммитке Ресей Федерациясының Сочи қаласында орналасқан әлемге танымал «Сириус» білім беру орталығының профессорлары мен сарапшылары арнайы келіп, қатысушылармен тікелей тәжірибе алмасты. Оқушылар мен педагогтер халықаралық деңгейдегі мамандармен жүздесіп, жобалық оқытудың заманауи әдістерімен, STEM, жасанды интеллект және IT бағытындағы жаңа технологиялармен танысты.
Іс-шараға республика бойынша «Келешек мектебі» жобасы аясында іріктелген 170 мектептен 1 педагог пен 1 оқушы қатысып, олардың кәсіби және академиялық құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасалды. Бұл формат педагог пен оқушы арасындағы серіктестік үлгісін нығайтып, бірлескен жобалар арқылы оқытудың тиімді моделін қалыптастырды.
Саммит барысында қатысушылар ғылыми, инженерлік және цифрлық жобаларын ұсынып, сарапшылар тарапынан практикалық кеңестер мен бағыт-бағдар алды. Атап айтқанда, «Үлкен сын-қатерлер» бағдарламасының қатысушысы Никита Сыздыков командасымен бірге Архангельск порты үшін кемелерді жүктеуді автоматтандыратын технологиялық жүйе әзірлеп, жобаның нақты өндірісте қолданылу мүмкіндігін көрсетті. Бұл тәжірибе оқушылардың мектеп жасынан бастап нақты өндірістік тапсырмаларды шеше алатынын дәлелдейді.
Аталған саммитке «Келешек» №292 орта мектебінен педагог-зерттеуші Әлия Ділмағамбетова және 10 сыныптың үздік оқушысы Тоғжан Әлиасқар қатысып, ауқымды тәжірибе жинақтады. Саммит барысында Тоғжан Alpha Bank-тің кодтау жүйесін басқару принциптері бойынша жобасын ұсынып, қаржылық технологиялар – FinTech саласындағы зерттеуін қорғады. Жоба сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, оны әрі қарай дамыту бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Ал педагог-зерттеуші ретінде Ә.Ділмағамбетова жобалық және цифрлық оқытуды оқу үдерісіне енгізу, оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту және халықаралық тәжірибені мектеп практикасына бейімдеу бағытында құнды әдістемелік тәжірибе алды.
Саммиттің басты мақсаты – дарынды жастарды қолдау, инновациялық ойлауды дамыту, халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізу және болашақта бірлескен ғылыми әрі цифрлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру болды.
Қорытындылай келе, I Таланттар саммиті оқушылар мен педагогтер үшін кәсіби дамуға, шабыт алуға және жаңа серіктестіктер орнатуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Мұндай іс-шаралар еліміздің зияткерлік әлеуетін арттырып, болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға берік негіз қалайды.
Жанар ТАЖЕКЕЕВА,
№292 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі









