Математика әлемі: Логика мен ой жарысы
Ұрпақ тәрбиесі мен білім саласында тер төккен тұлғаның есімін ұлықтау – елдің рухани деңгейін айқындайтын маңызды өлшем. Осындай өнегелі үрдістің жарқын көрінісі жуырда аудан орталығындағы №62 мектеп-лицейінде өтті. Мұнда 7-8 сынып оқушылары арасында математика пәнінен Ақберген Мыңғышпанов атындағы аудандық олимпиада ұйымдастырылып, білім мен бәсеке, тағзым мен тағылым қатар өрілген мазмұнды шара жүзеге асты. Бұл сайыс саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардақты педагогтың еңбегіне көрсетілген құрмет, жас буынды ғылымға жетелейтін маңызды қадам болды.Аудан мектептерінен іріктеліп келген 80 оқушы олимпиада барысында өз білімдерін сынға салды. Күрделі есептер мен логикалық тапсырмалар жас дарындардың тек математикалық сауатымен қатар, табандылығы мен ойлау жүйесінің тереңдігін де айқын көрсетті. Әр есеп – жүйелі дайындықты, әр дұрыс жауап – ұстаз бен шәкірт еңбегінің үйлесімін аңғартты. Зияткерлік бәсеке барысында оқушылар өзара тәжірибе алмасып, білімге деген құштарлықтың жаңа белесіне көтерілді.
Бұл білім додасының Ақберген Мыңғышпанов есімімен аталуы – кездейсоқтық емес. Ол – қазақ мектебінде математика пәнін оқытудың өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, бірнеше буын шәкірттің жүрегіне ғылымның шырағын жаққан ұлағатты ұстаз. Ақберген Мыңғышпанов 1950 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1966 жылы Арал қаласындағы №13 орта мектепті тәмамдап, сол жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1970 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған соң, еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі ретінде бастайды.
1971-1972 жылдары Баку қаласында әскери борышын өтеп келген соң, ұстаздық қызметін туған жері – Аманөткелде жалғастырды. Кейіннен Арал қаласындағы №4 СПТУ-да директордың орынбасары қызметін атқарып, білім беру ісін ұйымдастыруда да біліктілігін танытты. 1989 жылы аудандық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек етіп, математика пәні мұғалімдеріне әдістемелік бағыт-бағдар берді. Ал 1998 жылдан бастап өмірінің ең жемісті жылдарын Арал қаласындағы №62 орта мектеппен байланыстырып, математика пәнінің мұғалімі ретінде үздіксіз еңбек етті.
Ұстаздың кәсіби шеберлігі мен ізденісінің нақты нәтижесі 2014 жылы айқын көрінді. Ол Арал ауданы бойынша математика пәні мұғалімдері арасындағы олимпиадада бас жүлдені жеңіп алып, аудан әкімдігі тарапынан автокөлікпен марапатталды. Бұл – оның білім саласына қосқан сүбелі үлесінің лайықты бағалануы еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бірнеше жыл бойы №62 мектепте қызметін жалғастырып, жас мамандарға тәжірибесін үйретуден жалыққан жоқ. Ұзақ жылдардағы еңбегі аудандық, облыстық, республикалық білім басқармаларының Алғыс хаттарымен бағаланды.

Алғаш рет ұйымдастырылған Ақберген Мыңғышпанов атындағы аудандық олимпиаданың қорытынды кезеңі де тағылымға толы болды. Барлық қатысушыларға ұстаздың балаларының атынан арнайы сыйлықтар табысталып, ал үздік нәтиже көрсеткен оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – жас жеткіншектердің болашақтағы білім жолына деген сенімін нығайтқан маңызды сәт болды.
Салтанатты марапаттау рәсіміне аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова арнайы қатысып, аудан әкімінің атынан Ақберген Мыңғышпановқа Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Осындай тағылымды шаралар арқылы ауданымызда білімнің беделі артып, дарынды оқушылардың қанаты қатая түсері анық. Ұстаз есімі ұлықталып, білім бәйгесі дәстүрге айналған ортада өскен ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ. Өйткені саналы қоғам – ұлағатты ұстазды ұмытпайтын қоғам.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Ал сол білімнің шамшырағы болған Ақберген Мыңғышпановтай ұстаздардың есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА









