Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық мұғалім математиктер фестивалінен олжалы оралды

Қызылордалық мұғалім математиктер фестивалінен олжалы оралды

Нұр-Сұлтан қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің фестивалінде Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Бәймен Сәбит өз біліктілігімен ерекшеленіп, олимпиаданың 3-орын иегері атанды деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Үшінші рет жалауын желбіреткен фестивальге ел бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 100-ге жуық педагогы қатысты. Үш күнге созылған шарада қатысушылар математика пәнінің оқытудағы өзекті мәселелері аясында 20 тақырыптық семинарда тәжірибе алмасып, оқушылардың білім деңгейін арттырудағы тың идеяларымен бөлісті.
Сондай-ақ, фестиваль барысында қатысушылар арнайы өткізілген олимпиадада күрделі есептерді шығару арқылы логикалық қабілеттерімен сынға түсті. Нәтижесінде қызылордалық Баймен Сәбит жоғары ұпай жинап, үздік үштіктің қатарынан көріне білді. Олимпиаданың үшінші орын иегері атанған жас математик бұл фестивальдің барлық педагогтер үшін озық тәжірибе алмасу алаңы болды дейді.
«Өзге Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің атқарып жатқан жұмыстарын көріп, өзіміздің тәжірибемізбен де бөлісу мүмкіндігін алдық. Заманауи білім беруде қажетті оқыту әдістемелері мен математика пәніне деген қызығушылықты арттыратын тәсілдер қарастырылған семинарларда барлық қатысқан ұстаздар алдағы жұмыстарын жандандыруға жаңа идеялар мен мотивациялар алды деп ойлаймын», – деді Бәймен Сәбит.
09 қаңтар 2020 ж. 857 0