Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТМД елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылған Халықаралық олимпиада Қызылордада өтті

ТМД елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылған Халықаралық олимпиада Қызылордада өтті

Өркениет жолында әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің орны қашан да ерекше. Қызылорда қаласында өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту, жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру мақсатында қала әкімінің тікелей қолдауымен жыл сайын дәстүрге айналған "Жас математиктер" байқауы биылғы жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылды2019 жылдың 13-15 мамыр аралығында еліміз бойынша тұңғыш рет Қызылорда қаласында өткізілген жас математика пәні мұғалімдері арасындағы білім додасына Қазақстан Республикасының барлық аймақтары мен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан 18 бен 35 жас аралығындағы жас математиктер қатысты. ТМД елдері арасында алғашқы рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға 800-ден аса үміткерден өтінім тіркеліп, ең мықты деп іріктеліп алынған 100 қатысушы байқауда бақ сынасты.
Қатысушылар құрамын сапалы іріктеу және тапсырмаларды жоғары дәрежелі мамандардың қатысуымен әзірлеу үшін "Математика пәні мұғалімдерінің Қазақстандық қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігімен алдын ала бірлескен жұмыстар жүргізілді. Байқаудың комиссия құрамына еліміздегі және көршілес елдердің ең мықты деген мамандары тартылды.
Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімінің Академик "А.Жұмаділдаев" атындағы жас математиктерге арналған жүлдесі (2014 жылдан бастау алып) 5 жыл көлемінде үздіксіз ұйымдастырылып, жыл сайын жетістіктерімен дараланған 10 жасқа 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы ретінде үлестіріліп келді. Тікелей жас математиктерге арналған осындай игілікті шараның басқа аймақтарда болмауын ескеріп, байқауға барша еліміздің жастарын қатыстыруға мүмкіндік жасау туралы А.С. Жұмаділдаевтың ұсынысын қабыл алған қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Жастар жылы аясында халықаралық олимпиада деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.
Сол арқылы, жыл сайын байқауды ұйымдастыруға бөлінетін қаржы көлемі 1 миллион 700 мың теңгеден - 10 миллион теңгеге ұлғайтылды. Халықаралық олимпиада барысында басқа аймақтардан келген жастар мәдени-көпшілік шараларға қатысып, қаланың тарихи және әсем жерлеріне экскурсия жасады және қала әкімінің қонақтарға арнайы ұйымдастырған салтанатты дастарханының қонағы болды. 
Сонымен қатар, байқау бағдарламасына сәйкес Академик А.С. Жұмаділдаев пен "Математика пәні мұғалімдерінің Қазақстандық қауымдастығы" РҚБ президенті К.Б.Мақышев Қызылорда қаласындағы оқу орындарының студентері мен мектептердегі математика пәні мұғалімдеріне арналған ғылыми дәріс өткізді. Оған 300-ден аса жас математиктер қатысты. 15 мамырда Халықаралық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі өткізілді.
Салтанатты шарада айтулы доданың жеңімпаздары жарияланып, басты ұтыс 1 миллион теңге қаржылай сыйлықты алматылық Айтмухамет Даурен Айтмухаметұлы ие болды. ІІ орын иегерлері алматылық Конаныхин Алексей Михайлович пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Кабасов Бағдат Берікұлы 700 мың теңгеге, ІІІ орын иегерлері алматылық Әлжан Асқар мен ақтөбелік Кулболдин Данияр Нұрланұлы 500 мың теңгеге ие болды.
Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған халықаралық олимпиадаға қатысушылар бұл байқауды жыл сайын дәстүрге айналдыру қажеттігін айтып, шараның ұйымдастырылуы мен ерекше форматына ризашылықтарын білдірді
https://kaz.tengrinews.kz
27 мамыр 2019 ж. 1 015 0