Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал аудандық соты 2025 жылдың 12 айының жұмысын қорытындылады

Арал аудандық соты 2025 жылдың 12 айының жұмысын қорытындылады

Арал аудандық сотының төрағасы Р.Алдамбергенов 2025 жылдың 12 айында сот әділдігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға жергілікті басылымдардың тілшілері қатысты.Баспасөз мәслихатында Р.Алдамбергенов 2025 жылдың 12 айында аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, есепті кезеңде 67 қылмыстық іс, 1685 азаматтық іс, 813 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралғанын, қылмыстық істердің басым көпшілігі есірткі заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу қылмыстары, көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар, сондай-ақ алаяқтық қылмыстары болып табылатынын, ал азаматтық істер бойынша қаралған талап қоюлардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, алимент өндіру, негізсіз баю сомасын өндіріп алу, сондай-ақ келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайтынын айтып өтті.
Есепті кезеңде 632 істің өндірістен медиация тәртібімен тоқтатылғаны, 6 істің партисипативтік рәсім тәртібімен, 19 істің татуласу келісімдерін жасаумен аяқталғаны, 2024 жылдың 12 айымен салыстырғанда татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істер санының 419-ға ұлғайғаны айтылды.
Іс қарау барысында анықталған заң бұзушылықтарға жекеше қаулы және жеке ұйғарым шығару арқылы ден қойылып, есепті кезеңде қылмыстық істер бойынша 9 жекеше қаулы, азаматтық істер бойынша 5 жеке ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 28 жекеше қаулы қабылданғанын айтты.
Сот жұмысының басты бағыттарының бірі сот жүйесі имиджін көтеру, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету болып табылатынын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру мақсатында тұрақты түрде судьялар мен сот қызметкерлерінің сот қызметі туралы және өзге де өзекті тақырыптарда мақалалары жарияланып, ұдайы дөңгелек үстелдер, баспасөз мәслихаттары және азаматтарды қабылдау шаралары өткізіліп жатқандығын әңгімелеп берді.
Шара соңында Р.Алдамбергенов журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, сот тәжірибесінен мысалдар келтірді.

Арал аудандық соты.
10 ақпан 2026 ж. 158 0