1414 нөмірінен "SMS" келді ме? Алаяқтар жаппай шабуыл жасауда
Алаяқтар алдымен азаматтың деректері әлдеқашан ұрланғанын және «қаражатты қорғау» үшін шұғыл әрекет ету керегін айтады.Алматы полицейлері 1414 нөмірінен келгендей көрінетін SMS-хабарламаларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық оқиғаларының көбейгенін айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кодты алғаннан кейін жәбірленушілер банк, пошта, салық органдары немесе полиция қызметкері болып танысатын қаскөйлердің психологиялық қысымына ұшырауда.
Олардың айтуынша, азаматтың деректері әлдеқашан ұрланған және «қаражатты қорғау» үшін шұғыл түрде қосымша орнату, сілтеме бойынша өту, ақша аудару немесе несие рәсімдеу қажет.
Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев атап өткендей, бұл тек психологиялық әдіс қана.
1414 нөмірінен келген SMS несие алуға жол ашпайды. Банктер өздерінің қорғаныс жүйелерін қолданады. Көбіне егде жастағы адамдар SMS келген екен деп алаяқтарға алданады. Содан кейін оларды депозиттен ақша шешуге, оны «сақтандыру шоты» деп аталатын шотқа аударуға, мүлікті сатуға немесе кепілге қоюға көндіреді. Алаяқтар ақшаны курьерлер немесе мессенджерлер арқылы алады, - деді ол.
Сонымен қатар, интернетте тауарларды жалған сату және псевдоинвестициялар схемалары кең таралған. Қаскөйлер төмен баға немесе жоғары табыс уәде етіп, алдын ала төлем талап етеді де, содан кейін жоқ болып кетеді. Сондай-ақ, полицейлер туыстарының қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары туралы хабарламалармен қоңырау шалып, эмоционалды қысым арқылы ақша бопсалау жағдайларын да атап өтті.
Полиция қоңырау шалушы өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырса да, жеке деректерді, банк карталарының деректемелерін және растау кодтарын хабарлауға болмайтынын ескертеді.
Ақпаратты өз бетіңізше тексеру қажет және психологиялық манипуляцияларға бой алдырмау керек.
Фото: Нұрболат Нұржаубай










