Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Туысыңыз апатқа ұшырады»: Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

«Туысыңыз апатқа ұшырады»: Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Соңғы жылдары алаяқтар техниканың көмегімен түрлі қулықтарға барып, айлаларын іске асырып жүр. Енді жәбірленушілерді «жақыныңыз апатқа ұшырады» деген желеумен алдауға көшкен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы қаласының полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтар жәбірленушінің үй телефонына қоңырау шалып, жақын адамының апатқа ұшырағанын айтады. Әсіресе, мұндай хабарды естіген зейнеткерлер жақындарын құтқару үшін соңғы ақшалары мен бағалы заттарын беруге дайын тұрады.

«Әдетте, алаяқтықтың бұл түріне бірнеше адам қатысады: олардың бірі өзін жәбірленушінің ұлы, қызы немесе немересімін деп таныстырып, жазатайым оқиғаға өзі кінәлі болғанын айтады, содан кейін ақшалай көмек сұрайды. Осы уақытта келіссөздерге тағы бір алаяқ қосылып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, «жағдайды шешу үшін» ақша талап етеді. Психологиялық шабуыл жасалып, жәбірленушілер ақша аударуға келісім берген кезде, алаяқтар жеткізу қызметі арқылы тауып алған курьерлерді ақшаны алып келуге жібереді», деді Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес Басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Қалалық полиция тұрғындарды қырағы болуға және маңызды ережелерді сақтауға шақырады.

«Атап айтсақ, жеке мәліметтеріңізді немесе пластикалық карта деректеріңізді ешкімге жария етпеңіз. Сондай-ақ, аударым түбіртектері мен кодтық хабарламарлады тіпті банк немесе құқық қорғау органының қызметкерімін дейтін адамдарға да айтпаңыз», делінген хабарламада.

29 қаңтар 2025 ж. 30 0