Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайлаңыз: алаяқтар алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр

Абайлаңыз: алаяқтар алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасы алаяқтықтың негізгі әдістері және одан қорғану тәсілдері туралы айтып береді, деп хабарлайды zakon.kz.
Цифрлық технологиялардың дамуымен бірге алаяқтар да қалыспай, алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр, оған аға буын өкілдерімен қатар қаржы өнімдері жөнінде сауаты әлі де болса жеткіліксіз жастар бой алдырып жатады.
Алаяқтар телефон нөмірлерін ауыстыру, вишинг, фишинг және басқа да көптеген амалдарды белсенді қолданып жатыр.

«Қауіпсіз» шот
Алаяқтар зейнеткерлерге телефон соғып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырып, олардың карточкасынан бейтаныс біреулердің ақшаны шешіп алуға әрекет жасағандары жөнінде айтады. Ол үшін клиент өз қаражатын дереу қауіпсіз шотқа ауыстыруы қажет деп, ізінше клиенттің интернет немесе мобильді банкингті қолдана алу, алмауын сұрайды, өзінің зейнетақысын немесе шәкіртақысын қашықтан қалай аударуға болатыны жөнінде нұсқау береді, телефонына қосымшаны жүктеуді ұсынады немесе ақшаны дереу банкомат арқылы аударуға кеңес береді.

Кеңес
Телефон алаяқтары қарт адамдардың сеніміне кіру үшін барлық айла-шарғыларды қолданады. Мұндай жағдайда ең бірінші мұндай әңгімені тоқтатып, сізге қызмет көрсететін банкке телефон соғу қажет. Банктің байланыс нөмірі карточканың артқы бетінде жазылып тұрады.
Ешқашан қоңырау шалушылардың қандай да бір нұсқауларын орындамаңыз: ақша аудармаңыз, күмәнді қосымшалар орнатпаңыз және қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің талаптары бойынша SMS-хабарламалардан сілтемелер бойынша өтпеңіз.
Өзіңіздің дербес деректеріңізді, карточканың деректемелерін ешкімге хабарламаңыз: CVC/CVV-код (картаның сыртқы жағында көрсетілген үш таңбалы код), растау кодтары, ПИН-кодтар. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері, банктердің колл-орталықтарының операторлары бұл ақпаратты ешқашан телефон арқылы сұрамайды.

Жалған кредит ресімдеу
Сізге банктің атынан хабарласып тұрмыз деп қоңырау шалып, N сомаға кредит ресімдеуге өтінім берген-бермегеніңізді нақтылайды. Егер сіз шын мәнінде өтінім бермеген болсаңыз, онда алаяқтардың сіздің атыңыздан кредит алмақ ойлары бар. Алаяқтар мына схемамен жұмыс істейді: сізге шұғыл шаралар қабылдау және олардың нұсқауларын орындау қажет екенін айтады. Бұл үшін олар сізге ұялы телефоныңызға орнататын және деректеріңіз қорғалатын қосымшаға сілтеме жібереді. Бағдарламаны жүктегеннен кейін сіздің телефоныңызға SMS-хабарлама немесе электрондық пошта арқылы хабарлама келеді, содан кейін банктің жалған қызметкері кодты атауды сұрайды және өкінішке қарай, кредитті беріп үлгергенін, бірақ алаяқтар ақшаға қол жеткізе алмағанын хабарлайды. Содан кейін алаяқ өзі айтқан басқа шотқа осы ақшаны аудару арқылы ақшаның өзіңізде қалатындығына сендіреді.

Кеңес
Кредит «ресімделді» деген банктің филиалына қоңырау шалыңыз немесе барыңыз және жағдайды шешу үшін мүмкіндігінше жедел түрде ресми өтініш жазыңыз. Өтініштің кіріс нөмірі бар көшірмесін міндетті түрде алыңыз.
Сізге қоңырау шалынған нөмірді банктің қауіпсіздік қызметіне хабарлауды, сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтініш жазуды қоса ұсынамыз.

«Фейк» аударма
Сізге банк картаңызға белгілі бір ақша сомасының аударылғаны туралы SMS келеді. Ізінше олар сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, ақшаның қате аударылғанын айтып, сізден кері аударуды сұрайды. Алаяқтар сіздің көңіліңізді «босатып», өздері туралы көптеген мәліметтер айтады, яғни бұл олардың соңғы ақшасы екенін, жұмысынан айрылғанын, қаражат емделуге қажет екенін айтады. Бұл – сізді алдарқатуға тырысатын белгі. Кейде қоңырау шалушылар «мазалағандары үшін» бонус деп қаражаттың аз бөлігін өзіңізге қалдыруды ұсынады.

Кеңес
Егер сіз оларға сеніп, аударым жасасаңыз, онда сіз ақшаңыздан айырылып қана қоймай, өзіңізге қосымша қиындықтар туғызасыз. Өйткені әлеуетті сатып алушы тауарды алмай, құқық қорғау органдарына жүгінуі мүмкін. Сіз ақша алушы ретінде алғашқы күдікті боласыз.
Сондықтан, егер белгісіз біреулер сіздің шотыңызға белгілі бір соманы аударса, онда ешқандай жағдайда оны қайта аудармаңыз және шешіп алмаңыз. Өз банкіңізге хабарласыңыз, банк қызметкерлері сізге не істеуге болатынын түсіндіреді.

Құқық қорғау органдарынан түсетін «қоңыраулар»
Алаяқтар өздерін құқық қорғау қызметкерлері ретінде таныстырып, сіздің танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыздың келеңсіз жағдайға тап болғанын хабарлауы мүмкін: адамды қағып кеткенін, ауруханада жатқанын немесе терактіге қатысқанын. Мәселені белгілі бір сома шеше алады. Бір жағынан, айтқандары әсер етеді, екінші жағынан сұрап отырған сома тез төлей алмайтындай көп те емес. Негізінен, мұндай алаяқтарға алданатындар – жақын адамына көмектесу үшін соңғы ақшасын беруге дайын қарт адамдар.

Кеңес
Ең дұрысы, мұндай сәтте сұрақ қоя бастау: Күдікті қай полиция бөлімшесінде? Ол қандай баппен айыпталып отыр? Бұл жағдай қашан болды? Адвокаттың көмегі ұсынылды ма, адвокаттың аты-жөні кім? Сонымен қатар ҚР ІІМ жедел желісіне және аудандық полиция бөлімшесіне қоңырау шалу керек. Ешбір жағдайда үрейге бой алдырмаңыз, бейтаныс адамдарға ақша беріп, шотына ақша аудармаңыз.

Қарт адамдарды алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Қарттарға бейтаныс адамдарға көзсіз сенбеу керек екенін түсіндіріңіз, тіпті олар өздерін банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып таныстырса да;
егер қоңырау шалушылар сізге аты-жөніңіз айтып жүгінсе және сіздің мекенжайыңызды білсе, бұл адамдар ресми адамдар дегенді білдірмейді. Бұл деректерді көптеген жолдармен алуға болады, олар тіпті интернетте жалпыға қол жетімді;
қызметкердің аты-жөні мен лауазымын міндетті түрде сұраңыз және олар өкілі болып қоңырау шалып отырған ұйымның жедел желісіне немесе колл-орталығына қоңырау шалу арқылы қайта тексеріңіз;
егер жақын адам бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, қиыншылыққа тап болғанын айтса, оған ақша аударуды сұраса, телефонды қойып, оған қайта қоңырау шалыңыз;
өзіңіздің жеке деректеріңізді, банктік картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV-кодты, құпия сөзін және қанша ақша қалғанын ешқашан және ешкімге айтпаңыз;
Банк қызметкерлері, банктердің колл-орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды мәліметтер тек алаяқтарға қажет.

28 шілде 2022 ж. 405 0