Абылайхан колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша кездесу өтті
Бүгін республикалық, өңірлік және қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері – Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Бақытбек Алпысбаев, Қуат Шарабидинов, Асылжан Жаманқұл және Ерлан Алтаев – «Абылайхан атындағы колледжінің» ұжымымен және оқытушылар қауымымен кездесті.Кездесу барысында Республикалық коалиция өкілі Руслан Рүстемов жаңа Конституция жобасының халықтың талап-тілектері, сарапшылардың пікірлері және саяси партиялардың ұсыныстары ескеріліп әзірленгенін атап өтті. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында реформаның жалпы тұжырымдамасы жарияланып, қоғамдық талқылаулар нәтижесінде түзетулердің ауқымы бастапқы жоспардан кеңейгені белгілі болды. Конституциялық комиссия құрамына 130 адам – қоғамның әртүрлі саласының өкілдері кірді.
Жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілген. Азаматтар eGov және e-Otinish порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдап, талқылау процесіне қатыса алды. Мысалы, Шиелілік тұрғынның Гимн сөзін «Әнұран» деп өзгерту ұсынысы қаралып, қабылданды.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтарына басымдық беріледі. Преамбулда бірлік, татулық, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде бекітілген. Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық мызғымас құндылықтар ретінде көрсетілген.
Қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Мұсаева жобада неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы ретінде қарастырылғанын, дін мен мемлекеттің ара-жігі ажыратылғанын, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталғанын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи мұраны сақтау конституциялық деңгейде негізгі қағидат ретінде белгіленген.
Өңірлік коалиция өкілі Бақытбек Алпысбаев жаңа Конституция жобасының ашық талқылаулар мен азаматтық ұсыныстар негізінде әзірленгенін, құжатқа қоғамнан түскен мазмұнды ұсыныстар енгізілгенін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар ұсыныстар мен сұрақтарын ортаға салды. Республикалық коалиция өкілдері 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумда Конституция жобасына қатысты түпкілікті шешім қабылданатынын атап өтті.









