Жасанды интеллект жарысқа түсуде
Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өткізілуде.Тағылымы мол игі шараның ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, республикалық тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті және өзге де азаматтар қатысқан болатын.
Салтанатты жиында сөз алған Данияр Еренғалиұлы өнегелі ғұмыр иесінің еңбек жолы мен аймақ дамуына сіңірген елеулі еңбегіне тоқталды.
– Ардақты азамат өңірдің өркендеуіне бар күш-жігерін арнап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етті. Жастардың білімді де бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлген бірегей тұлғаның бастамасымен кезінде облыста бірқатар спорт нысаны мен мәдениет ошағы бой көтерді. Дәстүрлі халықаралық турнир – сол еңбектің жарқын жалғасы деп білемін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ жиын барысында зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі.
Айта кетейік, дәстүрге айналған халықаралық турнир биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Оған Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Ауғанстаннан және еліміздің барлық өңірінен келген 450-ге жуық спортшы қатысуда.
Айта кетерлігі, дәстүрлі турнир аясында тоғызқұмалақтан алғаш рет «Champion» турнирі ұйымдастырылуда. Ерекшелігі – Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік 30 спортшы тоғызқұмалақтан бақ сынауда. Сонымен қатар, жарыстың тағы бір жаңалығы – алғаш рет жасанды интеллект спортшылармен бірге ой сайысына түсіп отыр.
Турнир барысында алдағы халықаралық және республикалық жарыстарға қатысатын үздік спортшылар анықталады. Жарыс қорытындысы ертең, 6 наурыз күні шығады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»










