ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЕР ТҰЛҒАҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР
Аудан спорт сүйер қауымы үшін биылғы жыл ерекше бір тағылымды шарамен толысты. Футзалдан өткен аудандық турнир тек спорттық доданың емес, елге еңбегі сіңген мәртебелі азамат, аудан дамуына өлшеусіз үлес қосқан Темір Алдажұманұлы Бисембаевтың жарқында жылы бейнесін ұлықтаудың белгісі болды. Ашылу салтанатында Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхаммет Омарұлы Бохаев сөз сөйлеп, шараның мазмұны мен маңыздылығына тоқталып, «елге еткен еңбегімен өнеге болған азаматты еске алу өскелең ұрпаққа үлгі» екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қатысушы спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.Шараға арнайы қатысқан Мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының және бірқатар аудандардың Құрметті азаматы Нәжмадин Түркпенұлы Мұсабаев та Темір Алдажұманұлының адамгершілік болмысын, еңбекқорлығын, елге сіңірген қызметін айрықша атап өтіп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.Жарыс ағымдағы жылдың 28-29 қараша күндері өтіп, екі күн бойы достық пен бауырмалдық, бірлік пен ынтымақты дәріптеген спорттық додаға айналды.
Бұл күн – жас буынға тағылым, ал аға буын үшін өткенді еске алып, ел үшін еңбек еткен ерлерді қадірлеудің көрінісі еді. Темір Алдажұманұлы аудан халқы құрметтеген, ел арасында сөзі өтімді, ісі өнегелі тұлға еді. Аудандық мәслихат депутаты ретінде туған өңірінің өркендеуіне бар күш-жігерін арнады. Әлеуметтік нысандарды дамыту, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жобалардың басы-қасында жүрді. Өзінің өмірін еңбекпен өрген білікті басшы, Т«Т-Т Құрылыс сервис» ЖШС-ін басқара отырып, ауданымызда көптеген игі істерге мұрындық болды. Сол себепті де оның есімі аудан тарихында өшпестей болып жазылды. Осы тұлғаның өнегелі ғұмырына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған спорттық турнир ел ішіндегі ауызбіршіліктің, құрметтің және азаматты қадірлей білудің белгісі.
Жарысқа ауданның түрлі мекеме және кәсіпорындарынан құралған 12 команда қатысып, өз шеберліктерін сынады. Футзал алаңында тек спорттық қызықты ойындар ғана емес, ардақты азаматтың елге жасаған еңбектері жайлы жылы әңгімелер де өрбіді. Әр команда үшін жеңіс тек спорттық мақсат емес, аудан ардақтысын құрметтеу, оның рухына тағзым ету еді. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға да, көрермендерге де ерекше көңіл күй сыйлады. Спорт кешеніндегі қызу тартыстар, жанкүйерлердің рухты қолдауы, әділқазылардың салиқалы шешімдері – бәрі де ауданның бірлігін көрсеткен айрықша дода. Жарыс нәтижесінде I орынды «Олимпик +35» командасы ұтса, II орын №220 орта мектебіне, ал III орын Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі командасына бұйырып, үздік ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталып, олардың шеберліктері мен еңбектері лайықты бағасын алды.Одан әрі алып азаматтың рухына құран бағыштап, ас берумен жалғасты.
Темір Алдажұманұлы Бисембаевты еске алуға арналған аудандық турнир адамгершілік пен құрметтің жарқын мысалы. Елі үшін еңбектенген ерлерді ұлықтау өткен мен келешекті жалғайтын алтын көпір. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта, тағы да жалғасын табары анық.
А.ЖОЛДАСҰЛЫ










