ТУРНИР ТАРТЫСТЫ ТҮЙІНДЕЛДІ

Тартысты доп додасының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, қоғам қайраткері Н.Мұсабаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетовтер сөз сөйлеп, марқұм Темір Алдажұмаұлының өмірі мен елі куә еңбектері жайында өз естеліктерімен бөлісті. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, тартысты турнир ұйымдастырушыларына ризашылығын жеткізді.
Екі күнге созылған турнирге барлығы 11 мекеменің құрама командалары қатысты. Нәтижесінде Арал аудандық көп бейінді орталық ауруханасы командасы жүлделі І орынға қол жеткізсе, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімнің «Айбын» командасы ІІ орынға жайғасты. Ал жүлделі ІІІ орынды аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы еншіледі.
Турнир көркін қыздырып, көрермен көзайымына айналған жекелеген ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Ойын қорытындысымен «Көрермен көзайымы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Сұр мерген» аталымдары бойынша үздік өнер көрсеткен ойыншыларға турнир ұйымдастырушыларының атынан арнайы жүлделер табысталды.