ҮЗДІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Аудандық мәдениет үйінде ел игілігі жолында тер төгіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдері лайықты марапаттарына ие болды.Бұл салтанатты жиын аймақ көлемінде бастау алған «Тарихы терең, бірлігі бекем Сыр елі» атты рухани-мәдени шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Мерейлі басқосуға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім және мекеме жетекшілері, зиялы қауым өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысты.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары аймақ халқы үшін айрықша маңызды оқиға болды. Президент өңірдегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралап, бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, облыс жұртшылығымен кездесіп, өңірдің даму қарқынына жоғары баға берді.
Соңғы жылдары Сыр елі қарқынды даму үстінде. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың жүйелі еңбегінің арқасында аймақтың әлеуметтік бейнесі жаңарып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қала көшелері кеңейіп, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жандануда. Құрылыс қарқыны күшейіп, жаңа шағын аудандар бой көтерді. Сырдарияның сол жағалауын игеру бағытында ірі жобалар сәтті қолға алынып, көпірлер, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік орындары пайдалануға берілуде.
Мұндай игілікті істер бүгінде тек облыс орталығында ғана емес, аудан мен ауыл-аймақтарда да кеңінен жүзеге асуда. Бүгінгі марапаттау шарасы — осы еңбектердің нақты көрінісі, үздік азаматтардың табанды тірлігін бағалаудың белгісі.
Салтанатты жиында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сөз сөйлеп, өңір мен ауданның өркендеуіне атсалысып жүрген барша еңбек адамдарына алғыс білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
Марапат сәтінде ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға аймақтың ең жоғары марапаты — «Құрмет грамотасы», сондай-ақ бірнеше еңбек озаттарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Кеш соңында аудан өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ән мен жырға толы концерттік бағдарлама ұсынды. Шуақты шара мерейлі сәттердің куәсіндей ел жадында қалды.










