Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық сот: сот жүйесін жетілдіру жолы

Кассациялық сот: сот жүйесін жетілдіру жолы

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда дербес кассациялық соттар өз жұмысын бастады. Бұл өзгеріс елдегі құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған ірі қадамдардың бірі болып табылады.
Жаңа заңнамалық тәртіпке сәйкес, сот төрелігін жүзеге асырумен бұдан былай жергілікті және кассациялық соттар ғана айналысады. Кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталды. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат емес, тікелей кассациялық шағым береді.
Кассациялық соттар «жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Енді барлық келіп түскен шағымдар іс жүргізуге қабылданып, мәні бойынша кемінде үш судьядан тұратын алқада қаралады. Істерді кассациялық тәртіпте қарау мерзімі алты айдан аспайды.
Жоғарғы Сот жоғары сот органы ретінде сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын болады.
Көптеген дамыған мемлекеттерде кассациялық саты сот жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Қазақстан да сот жүйесін жетілдіру барысында халықаралық тәжірибені ескеріп келеді. Кассациялық соттың тиімділігі – құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Нақтырақ айтқанда, әділдікті қамтамасыз ету: кассациялық соттар сот шешімдерін қосымша тексеру арқылы заңдылық пен әділдікті орнатады. Бұл инстанция сот қателіктерін анықтап, дұрыс емес шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді.
Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту: бұрын кассациялық шағымдар тікелей жоғарғы сотқа берілсе, енді жаңа кассациялық соттар бұл міндетті өзіне алып, жоғарғы сот тек ең күрделі істерді қарастырады.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру: кассациялық соттар сот шешімдерінің сапасын жақсартуға және заңдардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, бұл өзгеріс істерді қарау сапасын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, сот төрелігінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.
Арал аудандық сотының жетекші маманы,
М.Жиенбаев


Фото: Нұрболат Нұржаубай
18 наурыз 2026 ж. 125 0