Арал теңізі – өткенге сабақ, болашаққа аманат
26 наурыз – Арал теңізі күні – табиғат тағдырына бейжай қарамайтын әрбір жан үшін маңызды күн. Бұл дата адамзаттың табиғатқа жасаған ықпалының салдарын түсінуге және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең ұғынуға мүмкіндік береді.Арал теңізі бір кездері әлемдегі ең ірі көлдердің бірі болғанымен, бүгінгі күні ол экологиялық апат аймағына айналды. Су көлемінің күрт азаюы, тұзды дауылдардың көбеюі және биоалуантүрліліктің азаюы – өңірдің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналып отыр.Осы маңызды дата аясында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы аумағында №260 мектептің жас табиғат жанашырларына арналған танымдық сабақ ұйымдастырылды. Сабақ барысында оқушыларға Арал теңізінің тарихы, оның қазіргі экологиялық жағдайы және табиғатты қорғаудың маңызы туралы кеңінен ақпарат берілді.Мұндай шаралардың басты мақсаты – қоғамның, әсіресе жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру. Оқушылар танымдық кездесуге белсенді қатысып, өз ойларымен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды.Мамандардың айтуынша, Арал мәселесін шешу тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың табиғатқа жанашырлықпен қарауынан басталады. Су ресурстарын үнемдеу, қоршаған ортаны ластамау және табиғатты қорғау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.Арал теңізінің тағдыры – бұл тек бір аймақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ сабағы. Сондықтан табиғатты аялау, оны келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.Ж.Қалдығұлова,
ғылым бөлімінің қызметкері
ғылым бөлімінің қызметкері










