Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз табанында түлеген тіршілік

Теңіз табанында түлеген тіршілік

Елімізде экологияны жақсарту жолындағы үздіксіз жұмыс үдеден шығып келеді. Әсіресе әлемді алаңдатқан Арал теңізінің жағдайын жақсарту жолындағы жүйелі қадам бізге осыны дәлелдеп отыр. Соның ішінде құрғаған теңіз ұлтанына сексеуіл көшеттерін отырғызу – орынды шешім болғанын айта кеткен жөн.
Мәселен тартылған Аралдың табанын орманға айналдыру туралы төрт жылдық жоба жемісін берді. Сөйтіп мелиорациялық бақ ауқымы 1 млн гектардан астам алқапқа ұлғайды.
Эколог, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы Қожамұрат Баубек:
– Арал тартылғаннан кейін тұзы Тянь-Шаньға, Еуропаға дейін барған. Тұзы 2 промильден көбірек болған. Сондықтан Аралдың тағдыры тек Орта Азяиының емес, әлемнің мәселесіне айналды, – деп, Қазақстандағы мұндай шараның шарапатын енді елімізден бөлек еуропалықтар да көретінін айтады. Өйткені седан бұталы сексеуіл алқабы артқан сайын алыстағы елдердің аспанын Аралдың тұзды шаңы тұтпайтын болған.
Сексеуіл отырғызу жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Биыл 165 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылады. Үкімет басшысы жоспарды сәуір айының соңына дейін орындауды тапсырды. Жалпы өңірде Қазақ орман шаруашылығы және агро-орман мелиарациясы ғылыми жерттеу институтының филиалы құрылды. Жоба ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Бүгінде Арал орманы мемлекеттік табиғи резеруатын құру аяқталуға жақын.
Мұнан бөлек теңіз аумағының қазіргі экологиялық ахуалы жайында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:
– Ең бірінші кезекте Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мәселесі тұр. Министрлік құрылған күннен бастап теңізге суды беру мәселесін шешуді алдымызға мақсат қылып қойдық. 18,5 текше км-ден бүгінде 23,5 текше км-ге жеткіздік. Бұл экология мәселесіне оң әсерін тигізді. Балықшаруашылығы күн санап дамып келе жатыр, – дейді.
Иә, кезінде ауы ауа қармап қалған балықшылардың жұмысы жандана бастады. Бүгінде 20-ға жуық кәсіпорын балық өңдеумен айналысып отырса, егіншіліктің де етек-жеңі кеңейіп келеді. Шаруа Күрекбай Сейіттің:
– Биыл тамшылап суару әдісі бойынша егіп жатырмыз. Нәтижесі жақсы, еккен еңбегіміз еш кетпей шығып келе жатыр, – дейген сөзінен-ақ Аралдың аумағындағы дихандар да қолына кетпен, күрек ұстағанын аңғаруға болады.
Еліміз сексеуіл егу арқылы Аралдағы экологиялық дағдарысты тоқтатуға тырысып жатыр. Ал биыл наурыз айында Президент тапсырмасымен суды сақтау, қайнарларды ашу бойынша бойынша "Мөлдір бұлақ " жобасы жүзеге асты. Акция аясында елдегі 700-ден астам әлеуетті су нысандары түгенделіп, тізімі жаңартылды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
04 сәуір 2026 ж. 72 0