Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз ұлтанындағы тың жоба

Теңіз ұлтанындағы тың жоба

Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанында алдағы бес жыл ішінде 1,1 млн. гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп бекітілген Арал теңізінің құрғаған табанынына сексеуіл егуге бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында 2021 жылы 101000 га орман отырғызу жұмыстары жүргізілсе, биылға 250 мың га фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу жоспары тұр. Бұл жұмыстардың 12026 га орман отырғызу жұмыстары көктем айларында «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің мемлекеттік орман қоры аумағында жүргізілді. Қазіргі таңда, күз айына жоспарланған тұқым себу жұмыстары басталып та кетті.
Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн. гектарды құраса, оның 3,8 млн. гектары орманды алқаптар болып табылады. Бұл алқаптың 89 пайызын сексеуіл ағаштары алып жатыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, теңіздің құрғаған ұлтанының Қазақстандық бөлігіне 395 мың гектар сексеуіл, сарысазан, жыңғыл егілді.
Арал теңізінің құрғаған ұлтаны жасыл желекке айналып келеді. Осыдан 30 жыл бұрын экологиялық апат аумағына егілген сексеуіл өсімдігі бүгінде бой көтеріп, 200 мың гектардай сор басқан далада тіршілік пайда болды. Шөлді жерде өскен сексеуіл көшеттері қазір адамның бойымен бірдей. Тіпті, мұнда жабайы аң-құс мекен етіп, жануарлар дүниесі де жанданды. Мамандар ұзақ жылдар бойы күткен экожоба оң нәтижесін берді. Себебі теңіз табанынан ұшатын тұзды шаңның басылғаны едәуір байқалады. Мәселен, бір түп сексеуіл 3 тоннаға дейін құм көшкінін тоқтатады. Сондықтан, бұл өсімдіктің экологияны оңалтуға тигізетін септігі мол. Бұл ретте, мекеменің орманшыларының атқарып жатқан жұмысын тілге тиек етпесек болмайды. Үлкен ауқымды жобаның басында Арал орманшылары күн-түн демей, аптап ыстықта Арал теңізіне егілетін сексеуіл көшеттерін күтіп-баптаса, салқын күзден қар түскенше егу үшін бар күштерін салады. Бұрын бұл еңбегіміз теңізге тамған тамшыдай болып көрінетін еді, ал қазір көз қуантарлық.
Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелерінің материалды-техникалық базасы нығайуда. Жоба аясында мекемеге 7 бірлік техника табысталып, егу жұмыстары су жаңа тракторлармен жасалды. Бұл дегеніміз жұмыс сапасының жақсаруына әкелді. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары Өзбекстан мен Қазақстан орман отырғызу жұмыстарында шекарада кездеседі деген жоспарымыз бар.
А.ӘНЕСОВА,
«Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ» КММ-нің бас инженері
15 қараша 2022 ж. 394 0