Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл 250 мың гектарға сексеуіл егіледі

Биыл 250 мың гектарға сексеуіл егіледі

Арал тағдыры – адам тағдыры. Тіпті адамзат тағдырына айналғалы қашан. Айдыны сорға айналғалы бері жаһан жұртшылығына қатерлі аймаққа айналған теңіздің құрғаған табанында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу екені де жиі айтылады.
Арал теңізінің құрғаған табанының көлемі 4,6 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң шығып, мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.
Сондықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық экологиялық қор көмегімен Аралдың құрғаған табанында 195 мың гектардан аса жерге сексеуіл отырғызылды. Бұл жұмыс әлі күнге дейін жүйелі түрде жалғасын тауып келеді.
Өткен жылы да Мемлекет басшысы ұлы теңіздің ұлтанына 5 жыл көлемінде 1,1 млн гектар аймаққа сексеуіл көшеттерін егуді тапсырған болатын. Осы бағытта биыл да сексеуіл отырғызу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Арал теңізі табанындағы фитоорман мелиорациялық жұмыстарымен танысу барысында биылғы жасалған жұмыстың нәтижесімен таныстық. Құрғаған теңіз табанының 150 мың гектарына топырақ зерттеу және жобалау жұмыстары жасалып жатыр. Сонымен қатар 2022 жылдың көктем айларында 12 мың тектарға сексеуіл отырғызылса, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Исатай Абдразақовтың айтуынша, күз айларында қалған аумақтарға да сексеуіл егілетін болады.

"Толқын" ақпарат
10 қыркүйек 2022 ж. 404 0