Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрғаған теңіз табаны сексеуілмен көркеймек

Құрғаған теңіз табаны сексеуілмен көркеймек

«Арал теңізі көлемі жағынан дүние жүзінде ауызға ілінетін теңіз болып саналған. Табиғат қоры өте бай, ал Арал маңындағы табиғат ортасы гүлденген және биологиялық тұрғыдан да кенде болмаған. Аралдың жайы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Сірә, біздің атабабаларымыз Аралды Қарақұм мен Қызылқұм арасындағы ыстық шөл даладағы жайлы қоныс және құтқарушы арал деп санаған сияқты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Осыдан 35000 жыл бұрын Тұран ойпатында пайда болған. Арал деп осы теңізді ең бірінші атаған адам араб географы және ғалымы Ибн-Руста (920 ж.) өз еңбектерінде атап көрсеткен екен. Ағынсыз теңіз Қазақстанның оңтүстігінде және Өзбекстан автономиялық облысындағы Қарақалпақстан аралығында пайда болған. Ал мұнда 300-ден аса арал орналасқан» деп келтіреді кейбір деректерде. Бұл – теңіз тарихы жайлы көптеген ақпараттардың бірі ғана. Бірақ бүгінгі біздің айтпағымыз ол емес, теңіздің болашағы жайында.
1960 жылдарға дейін оның ауданы 66,1 мың шаршы км-ге жетті. Ең терең нүктесі – 54,5 метрді құраған теңіздің орташа тереңдігі 10-15 метр болған. Бірақ сол жылдардан бастап теңіз деңгейі орта есеппен жылына 20 см-ге түсіп отырды. 1970 жылдарда бұл көрсеткіш 50- 60 см-ге дейін өсті. Келер онжылдықта судың тартылуы үдей түсіп, көрсеткіш жылына 80-90 см-ге дейін төмендеді. 2004 жылдарға қарай теңіз өзінің бастапқы үстіңгі беттік ауданынан 25%-ға дейін қысқарды.
Міне, шалқыған айдынның тартылуы тек теңіз суы мөлшерінің азаюына ғана емес, тұздылығының өсіміне де әкеп соқтырды. Тұздылығы 2,5 есеге дейін артқан теңіздің зияны мұндағы өсімдектер мен жануарлар дүниесінің күрт азаюына себеп болды. Арал маңындағы аймақтарда тым күрделі экологиялық жағдай қалыптасты.
«Жылына 300 күнге жуық өңірде құмды тұз дауылы соғады. Кеуіп қалған теңіз түбінен атмосфераға 75 млн тонна құм мен шаң көтеріледі, ал Арал маңындағы 1 га ауыл шаруашылығы жеріне 520 кг тұз түседі. Бұл егілетін дақылдарға орасан зор шығын әкеледі» деген деректер де Арал теңізінің тартылуынан туындайтын зардаптарды көрсетеді.
Әлем ғалымдарының зерттеу жұмыстары аясында «Теңіздің кеуіп бара жатқан акваториясынан жыл сайын жанартау атқылаған сияқты, 100 мың тонна тұз бен әр түрлі химикаттары мен улы қоспалары бар ұсақ ұнтақты шаң ұшады, ұшқан тұз бен шаң дауылы барлық тіршілікке келеңсіз әсерін тигізуде. Арал батыстан шығысқа қарай күшті ағынды ауа ағысының жолында орналасқан, сондықтан атмосфераның жоғарғы қабатына аэрозольдардың шығуына мүмкіндік береді, ластану әсері тым қатты күшейеді. Тұз ағындарының іздері барлық Еуропа бойынша, тіпті Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін ұшады» деген тұжырым да жасалған.
Осыған орай Арал тағдыры барша адамзаттың тағдыры деп саналып, теңіз табанының біраз бөлігі құрғап, экологиялық апатты аймаққа айналғалы бері тек Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің алаңдаушылығын тудырғаны белгілі. Теңіздің шөлге айналу қаупінің алдын алу жаһан жұртшылығының назарында болды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп те жатыр.
Осыдан екі жыл бұрын Корея Республикасынан арнайы техникалар әкелініп, құрғаған теңіз табанына сексеуіл отырғызу жұмыстары басталды деп өз басылымызда жазған болатынбыз. Осы бастаманың өріс алуы жайлы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет facebook парақшасында Арал теңізінің құрғап қалған бөлігіне 5 млн түп сексеуіл егілген деп ақпарат берді. Сондай-ақ өз жазбасында ол :
– 2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Корея Республикасының Корей орман қызметі және биоәртүрлілікті сақтау қорымен бірлесе отырып, Арал теңізінің құрғап қалған түбіндегі 13 300 га аумаққа сексеуіл көшеттерін отырғызды. Бұл жұмыс «Қызылорда облысындағы Арал теңізінің құрғап қалған түбін фитоорманды қалпына келтіру» жобасы аясында жүзеге асырылды. Оған Кореяның орман қызметі 1,7 миллион доллар инвестициялады, – деп атап өтті.
Теңіз суы айдынының құрғап қалған 6 миллион гектардан астам бөлігінен жылына 100 миллион тоннадан кем емес шаң мен тұз ұшады. Соның салдарынан климаттың өзгеруі анық байқалып отырғаны белгілі. Бұл қауіптің алдын алу тәжірибелерінің ең ұтымдысы да сексеуіл отырғызу болатын. Сол жайында Сәкен Ділдахмет:
– 1980 жылдан бастап Қазақстан орманшылары Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу арқылы құм мен тұзды дауылдарының барынша алдын алуда. Арал теңізінің құрғаған түбінде орманды қалпына келтіру – экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар кешеніне енгізілген. Қызылорда облысының орман шаруашылықтары жыл сайын 10 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызады. Оның 6 500 гектары Арал теңізінің құрғаған түбінде жатыр. Жобаны ғылыми тұрғыда қолдау аясында Арал теңізінің құрғаған түбінде Корея университетінің зерттеушілері жасанды екпелердің топырақ қасиетіне әсері туралы бірегей зерттеулер жүргізді, – дейді.
Расында, сексеуілдің тамыры шамамен 4 тонна құмды ұстайды екен. Ал сексеуіл көшеттерін өсірумен айналысатын Қазалы ауданындағы көлемі 32 гектарды қамтитын тәлімбақтың жылдық өнімі 4 млн сексеуілден асады. Сексеуіл ормандарының өсу аудандарын сақтау және олардың жойылуына жол бермеу үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен сексеуіл ормандарында 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ағаш кесуге, сондайақ республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салынған.
Өз сөзін «Орталық Азиядағы сексеуілдің көбі Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақ орман қызметінің амал-әдісі – даланың шөлге айналуымен күресте ең сәтті тәжірибе саналады. Жалпы 1980-2000 жылдар аралығында Аралдың құрғап қалған бөлігіндегі 190 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызылған» деп түйіндеді Сәкен Ділдахмет.
16 маусым 2020 ж. 693 0