"Ешкім іздемеген": Зейнеткердің мәйіті 15 жыл бойы пәтерде жатқан

Қайтыс болған ер адамның аты - Антонио. Оның мәйітін тек жаңбырдан кейін төменгі пәтердің балконын су басқан кезде ғана тапқан.
Су құбыры бітеліп, артық су төменгі қабатқа аққан. Сол кезде терезе арқылы пәтерге кірген өрт сөндірушілер ер адамның сүйекке айналған әрі жартылай мумияланған денесін қоқыстың, жәндіктердің және көгершіндердің арасынан тапқан.
Белгілі болғандай, көршілері Антонионы соңғы рет 2010 жылы көрген. Ешкім оның жоғалғанын хабарламаған. Барлық коммуналдық төлемдер автоматты түрде шоттан алынып отырған, ал зейнетақысы есепшотына түсіп тұрған. Сол себепті таныстары оның жоғалғанын байқамаған.
Көршілердің айтуынша, Антонио тұйық, мұңлы әрі үнемі жалғыз жүрген. Ол пәтерінен шықпай қойған кезде, бәрі оны қарттар үйіне кеткен немесе туыстарымен бірге тұрып жатыр деп ойлаған.
Басылымның мәліметінше, Антонионың екі баласы болған, бірақ ол олармен де байланысын үзген. Ер адам отбасынан шамамен 30 жыл бұрын кеткен.
Полиция дерегіне сәйкес, Антонио кәріліктен көз жұмған. Пәтерде ұрлық немесе зорлық белгілері табылмаған.
Фото: ашық дереккөзден алынды