Көлік нөмірі сәнге айналды ма?
Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары жүргізушілер арасында ерекше немесе әдемі автокөлік нөмірлеріне қызығушылық артып келеді. Көпшілік қарапайым мемлекеттік нөмірлермен шектелсе, кейбір азаматтар ерекше комбинациядағы нөмірлер үшін қомақты қаржы төлеуге дайын. Қызылорда қаласында да мұндай нөмірлерге сұраныс аз емес.Қазақстанда автокөлікті тіркеу кезінде берілетін стандартты мемлекеттік нөмірлердің құны тіркеу қызметіне кіретін мемлекеттік баж арқылы төленеді. Мұндай нөмірлер кездейсоқ беріледі және олардың бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді.
Ал ерекше немесе «VIP» нөмірлердің бағасы әлдеқайда жоғары. Мұндай нөмірлерде көбіне қайталанатын сандар немесе есте сақтауға жеңіл комбинациялар болады. Мысалы: 111, 222, 333 сияқты бірдей сандар,001, 007 секілді ерекше комбинациялар, 777, 888 сияқты танымал нөмірлер.
Осындай нөмірлердің бағасы бірнеше жүз мың теңгеден бастап, бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қаладағы жүргізушілердің пікірінше, әдемі нөмір – көбіне мәртебе немесе жеке талғам мәселесі. Ал кейбір жүргізушілер үшін нөмірдің ерекше болуы маңызды емес. «Маған нөмірдің қандай болғаны маңызды емес. Ең бастысы – көлік дұрыс жүрсе болды», – дейтін пікірлерде кездеседі.
Автокөлік нөмірлері арнайы тіркеу орталықтары арқылы беріледі. Қазақстанда көлік тіркеу қызметтерін Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Мұнда жүргізушілер көлігін тіркеп қана қоймай, ерекше мемлекеттік нөмірлерді де заңды түрде таңдай алады.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында автокөлік саны артып келеді. Соған сәйкес ерекше мемлекеттік нөмірлерге қызығушылық та көбейіп отыр. Дегенмен көпшілік үшін ең маңыздысы – көліктің қауіпсіздігі мен жайлылығы болып қала береді.
Мерей Жалғасбек
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: freepik.com










