Заң мен тәртіп: Қауіпсіз балалық шақ кепілі тақырыбында жиын өтті
Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын.
Соған сәйкес бүгін №262 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп: қауіпсіз балалық шақ кепілі» тақырыбында ауқымды жиын өтті.
Қатысушылар ордалы білім ошағының мектеп кабинеттерінде ұйымдастырылған түрлі бағыттағы мазмұнды жұмыстармен танысты. Отбасылық тәрбие, әке рөлінің маңыздылығы, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, сондай-ақ жасөспірімдермен жұмыс жасаудың тиімді тәсілдері қамтылған тың жобалар мен тәжірибелер ұсынылды. Қатысушылар әр бағыт бойынша жаңа бастамалармен танысып, өзара пікір алмасты.
Сонымен қатар оқушылардың жасанды интеллект арқылы ұсынған заманауи жобалар көрсетілді.
Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқыланды. Басқосу аудан прокуроры Ә. Елтайұлы төрағалығымен өтіп, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шара барысында мемлекет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығы айтылып, жас ұрпақ тәрбиесіндегі отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Қатысушылар бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар мен құқықтық сауаттылықтың сабақтастығын сақтаудың өзектілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының өкілдері мен білім саласының мамандары сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мәлімет берді. Атап айтқанда, Р. Жанаев құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығына тоқталса, Т.Лекеров жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова бала қауіпсіздігі қазіргі қоғамның ортақ әрі өзекті тақырыбы екенін айта келе, аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарын атап өтті. Ата-аналар тарапынан С.Акуов сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесінің бала тұлғасын қалыптастырудағы шешуші рөліне тоқталды.
Жиын аясында балалардың психологиялық саулығын сақтау, қиын жағдайға тап болған оқушыларға қолдау көрсету мәселелері де кеңінен қарастырылып, Р. Мұстафаева тарапынан тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, бала тәрбиесіндегі заң мен тәртіптің өскелең ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке және заңды құрметтеуге баулу – барша қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі













