Әскери тәртіп – қауіпсіздік кепілі
Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің қызметкерлері Арал қаласындағы 10216-Ж әскери бөлімінің жеке құрамымен жоспарлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция басқармасы бастығының 2026 жылғы сәуір айына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.Кездесу барысында әскери қызметшілерге құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды мәліметтер жеткізілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің негізгі баптары кеңінен түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау – әрбір әскери қызметшінің басты міндеті екені атап өтілді.
Сонымен қатар, тәуліктік жасақтың міндеттері, қаруды дұрыс оқтау және оқсыздандыру тәртібі, диверсияға қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелері жан-жақты қарастырылды. Бұл бағыттағы талаптарды қатаң сақтау – әскери бөлімнің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетігі екені ерекше айтылды.
Іс-шара аясында жол-көлік оқиғаларының алдын алу да назардан тыс қалған жоқ. Әскери полиция қызметкерлері жол жүру ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіріп, «Қауіпсіз жол» акциясы шеңберінде профилактикалық сұхбаттар мен арнайы сабақтар өткізді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлкен ықпал етеді.
Н. БАҚЫРАН











