Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіксіз ізденіс үздік етті

Үздіксіз ізденіс үздік етті

Сүйінші жаңалық. Аралдықтардың абыройы тағы да асқақтады. Білім көшінде басқалардан бәсі биік ауданның бұл жолғы жетістігі жайлы ашып айта кетейік.
2026 жылдың 3-7 сәуір аралығында Тараз қаласында 10-11 (12) сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерінің қорытынды IV кезеңі өтті. Бұл білім бәйгесінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәндері бойынша өз білімдерін сарапқа салды.
Дарынды оқушыларды анықтап, олардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамытуға бағытталған зияткерлік додаға еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 270 оқушы қатысты. Қатысушылар әдеби талдау жасау, тарихи деректерді саралау, тілдік мәдениетті меңгеру және ғылыми пайымдау бағыттары бойынша білімдерін сынға салды. Нәтижесінде 121 жүлде иесі анықталды.
Міне, осы жүлдеген 121 оқушының арасынан білім бәйгесінде өзгелерден дара шапқан жерлесіміз Иманғали Маратовты ерекшелеп айтуға әбден лайық. Себебі өзі туған Аралдың ғана емес, Қызылорда облысының намысын туып етіп барған Иманғали қатысушылар арасынан өзіне тең келер қарсылас таппады. Осылайша №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10сынып оқушысы Иманғали Махмутұлы Қазақстан тарихы пәні бойынша жоғары білімін дәлелдеп, қорытынды кезеңде І дәрежелі дипломмен марапатталып, алтын медаль иеленді.
Мойнына алтын тағынып, олжалы қайтқан оқушы жайлы ұстазы Гүлбану Кариева:
– Бұл – үздіксіз ізденіс пен маңдай тердің, білімге деген шынайы құштарлықтың жарқын көрінісі. Иманғали байқау барысында терең білімі мен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, күрделі тапсырмаларды сәтті орындады. Оның тарихи деректерді нақты меңгеруі, ойлау қабілеті мен талдау дағдылары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде ол қарсыластарының ішінен оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ұстаздың еңбегі шәкіртімен көрінеді ғой. Ол қатысқан әрбір облыстық сайыстан жүлдесіз қайтпайды. Білімі мен табандылығын талай додада дәлелдеп келеді. Олимпиадалар мен ғылыми жобаларда үнемі үздік нәтиже көрсетіп, биік белестерді бағындыруда. Міне, сол жарыстарда алған тәжірибесі, жинаған білімі бүгінде өзінің жемісін беріп, алтын медаль иеленді. Иманғали – мектептің мақтанышы. Әркез білімімен өсіп, биіктерді бағындырғысы келіп тұратын Иманғалидың болашағына сеніммен қараймын, – дейді.
Ал Иманғалидың әжесі Қалия Дәулетова:
– Менің өзім білім саласында ұзақ жыл қызмет етіп, ыстығы мен суығына күйіп, зейнетке шықтым. Баланың жетістікке жетіп, ұстаздың еңбегі салтанат құруы мұғалімнің білімі мен тәжірибесі, шәкіртіне деген сенімі мен жүйелі дайындығының арқасында келетінін анық білемін. Гүлбану осындай биік нәтижеге жетуге жол ашты. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі – үлкен жеңістің кепілі екені тағы бір мәрте дәлелденді, – деп Иманғалиды тұлпардай баптап топқа қосқан ұстазына рақметін айтты.
Иә, аймақтың атын абыроймен қорғаған талапты шәкірттің болашағына біз де сеніммен қараймыз. Бұл жүлде ғылым мен білім жолында жетер жетістіктің бастауы болсын.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 сәуір 2026 ж. 104 0