"Таза Қазақстан" – ортақ міндет
Табиғат – адамзаттың алтын бесігі. Соңғы жылдары елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы осы жауапкершілікті қоғам санасына терең сіңіруді мақсат етеді. Бұл бастама – туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, тарихи-мәдени мұраларға құрметпен қарауға үндейтін үлкен қозғалыс. Осындай игі істердің нәтижесінде ел ішінде тазалық мәдениеті қалыптасып, жас ұрпаққа өнеге болатын тағылымды шаралар жүзеге асуда. Соның бір дәлелі – ауданда ұйымдастырылған ауқымды тазалық жұмыстары мен көгалдандыру акциялары.Қорым басындағы құрмет
«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлеміндегі тарихи-мәдени және киелі орындарда кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл игі бастама аясында «Арыстан баб» кесенесі, Беларан төбе шыңындағы Ә.Нұрпейісовтің мемориалды белгісі, «Жақайым ата», «Жетес би» ата белгілері мен «Қазанғап ата» бейіті және Арал қаласы мен барлық кент, ауылдық округтердегі қорымдар қамтылды. Киелі мекендердің аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтіріліп, көркейтілді.
Аталған шараға мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жерге деген жанашырлықтарын нақты іспен дәлелдеді. Әсіресе, қорым басындағы тазалық – тек сыртқы көріністі реттеу ғана емес, ол – өткенге тағзым, ата-баба рухына деген құрметтің белгісі. Себебі киелі жерлер – халықтың тарихы мен тағдырының үнсіз куәсі. Оларды күтіп ұстау арқылы біз өз тамырымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарды сақтаймыз. Бұл шара әрбір азаматқа «тазалық – иманның жартысы» екенін тағы бір мәрте ұғындырды.
Келешекке тамыр жайған 100 шыбық
«Таза Қазақстан» акциясының жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен салынған №292 орта мектебінде әр жылдардағы -40, -50 және -60 жылдық түлектер бас қосып, көгалдандыру акциясын ұйымдастырды. Олар өздері білім алған мектептерге емес, дәл осы жаңа «Келешек» мектебінің ауласына жиналып, ортақ мақсат жолында бірікті.
Бұл күні түлектер 100 түп шыбық отырғызып, мектеп ауласын жасыл желекке айналдырудың алғашқы қадамын жасады. Терең мағынаға ие рухани істегі әрбір отырғызылған тал – болашақ ұрпаққа қалдырылған аманат, келешекке деген сенімнің белгісі. Түлектер өз қолдарымен еккен шыбықтарды ертең осы мектепте білім алатын балалардың өмірімен байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығының айқын үлгісін көрсетті.
Осылайша, қарапайым ғана экологиялық шара үлкен тәрбиелік мәнге ие болды. Бұл – туған жерге жанашырлықпен қараудың, болашақты бүгіннен ойлаудың жарқын көрінісі.
«Таза Қазақстан» акциясы – ұлттың мәдениеті мен санасының көрсеткіші. Киелі орындарды тазарту арқылы біз өткенімізді құрметтесек, ағаш отырғызу арқылы болашағымызға жол ашамыз. Тазалық – ішкі мәдениеттің айнасы. «Таза Қазақстан» – бүгінгі буынның ертеңгі ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы.
Г.САҚТАПОВА










