Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза табиғат – болашақ кепілі

Таза табиғат – болашақ кепілі

Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін арт тыру – әрбір білім беру ұйымының басты міндеттерінің қатарында. Осы бағытта Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясында «Су және білім» жобасы аясында экологиялық плоггинг акциясы ұйымдастырылды.
Плоггинг – денсаулық пен табиғатқа қамқорлықты ұштастыратын заманауи қозғалыс. Қатысушылар серуендеп немесе жүгіріп жүріп, айналадағы қоқысты жинау арқылы табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.
Акция Қарақұм мөлтек ауданында өтті. Іс-шараға 200-ден астам білім алушы мен 30-дан астам қызметкер қатысып, жоғары белсенділік танытты. Нәтижесінде 1480 килограмм қоқыс жиналды. Оның ішінде білім алушылар 1200 килограмм, ал қызметкерлер 280 килограмм қоқыс жинады. Бұл көрсеткіштер қатысушылардың табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын дәлелі.
Аталған игі шара елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасымен үндес. Бұл бастама – қоршаған ортаны қорғау, ел аумағын абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтарды табиғатты аялауға жұмылдыру мақсатында қолға алынған маңызды қадам. «Таза Қазақстан» аясында өткізілетін әрбір акция қоғамда тазалық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Мектеп ұжымы мен білім алушылардың белсенді қатысуы – осы бастаманың нақты көрінісі. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпақ табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық санасы жоғары тұлға болып қалыптасады.
Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз. Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз болашақ ұрпаққа жарқын әрі қауіпсіз өмір сыйлай аламыз.
А.САЙЛАУОВ
26 сәуір 2026 ж. 113 0