Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отанды қорғау – азаматтықтан

Отанды қорғау – азаматтықтан

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні – ел тарихында айрықша орны бар, терең мағынаға ие мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн – тәуелсіз Қазақстанның айбынын асқақтатып, бейбіт өміріміздің берік қалқаны болып отырған Қарулы Күштерге құрмет көрсететін маңызды дата.
Алғаш рет 1992 жылдың 7 мамырында ұлттық Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы тарихи шешім жас мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды болды. Содан бері бұл күн ел қорғаны болып жүрген азаматтарға тағзым ететін мереке ретінде аталып келеді.
Қазақ халқы ежелден ерлік пен батырлықты жоғары бағалаған. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі», «Батыр туса – ел ырысы» деген мақал-мәтелдер халықтың Отан қорғаушыларға деген құрметін айқын көрсетеді. Бұл нақыл сөздер бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі тәуелсіздікті сақтау мен ел тыныштығын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы.
Осы тұрғыда Арал ауданы тұрғындарының да ел қорғау ісіндегі орны ерекше. Сыр өңіріндегі бұл аудан ежелден батырлық дәстүрімен танылған. Арал топырағынан шыққан талай азаматтар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет етуде. Сонымен қатар, ауданнан шыққан ардагерлер мен әскери қызметкерлер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде белсенділік танытып келеді.
Ауданда Отан қорғаушылар күніне қарсаңында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, батырлармен кездесулер, әскери-патриоттық сабақтар, саптық байқаулар ұйымдастырылып, жас буынның елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Бұл – болашақ сарбаздарды тәрбиелеудің маңызды бір бөлігі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
– Әскер – мемлекеттің тірегі, ел тәуелсіздігінің кепілі. Біз Қарулы Күштеріміздің қуатын арттыруға әрдайым баса мән береміз, – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер мемлекет басшысының ел қорғанысына деген айрықша назарын білдіреді.
«Отан – оттан да ыстық» деген мақал әрбір азаматтың жүрегінде ерекше орын алады. Бұл нақыл сөздер туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген адалдықтың айқын көрінісі.
Қазіргі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері заманауи талаптарға сай қалыптасқан кәсіби әскерге айналды. Әскер қатарында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен абырой. Сарбаздар күн сайын ел шекарасын күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл – үлкен ерлік пен төзімділікті талап ететін қызмет.
Арал ауданы жастары да бұл жауапты міндеттен тыс қалмай, әскер қатарына үлкен жігермен аттанып келеді. Олардың арасында үздік көрсеткіштерімен көзге түсіп, марапаттарға ие болғандары да аз емес. Бұл – өңір жастарының отансүйгіштік рухының жоғары екенін көрсетеді.
Иә, 7 мамыр – ел тәуелсіздігін сақтаудағы маңызды күндердің бірі. Бұл мереке әрбір азаматқа Отан алдындағы борышын еске салып, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Ал Арал өңірінің азаматтары осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып, ел қорғаны болудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
07 мамыр 2026 ж. 46 0