Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін

Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін

7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін мереке ретінде атап өту – Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан басталды. Әскер қатарында жүрген әр азаматтың елі үшін еткен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Сол себепті бұл күнді бұрынғы әскери қызметкерлер де, қарулы күштердің ардагерлері де атап өтеді. Отан қорғаушылар күнінің ел тұрғындарының патриоттық сезімін арттырып, әскери қызметтің рөлін күшейтуде маңызы зор.
Егемен елдің болашағы жастардың қолында. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамының да орны бөлек. Себебі мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі жастардың әскери қызмет атқаруы міндеттелген. Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген аталы сөзі бар.
«Отан – отбасынан басталады» деген дана халқымыз. Елін сүйген баланы тәрбиелеп шығару үшін, Отанның қадірін туғаннан бастап бала санасына сіңіруіміздің қажеттілігін айқындау – уақыт талабы. Сондықтан Отанды сүюді қалыптастыру әр баланың отбасынан да, уақытының көбін өткізетін мектеп қабырғасынан да басталады. Ендеше, жас ұрпақты әдет-ғұрпын, тілін құрметтейтін, жаны таза, адамгершілігі мол, өз Отанын сүйетін азаматты қалыптастыру, патриоттық сезімге баулу – басты парызымыз болып саналады. Сондықтан біз, мұғалімдер жас буынның туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ елінің рәміздерін қастерлеу бағытында еңбек етіп келеміз.
Айтулы мереке қарсаңында барша ер-азаматтар мен Отан қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген қорғаныс саласы қызметкерлеріне, ардагерлерге, әріптестеріме бүгінгі ерекше күні шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілеймін. Ержүрек және жігерлі адамдардың бұл мерекесі әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін деймін. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!
Сәкен АЙМОЛДАЕВ,
№231 орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы
08 мамыр 2023 ж. 295 0