Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір, өрелі жыр алыбы

Өнегелі өмір, өрелі жыр алыбы

Арал аудандық мәдениет үйінде ақын Сағынай Ешекеновтің 75 жылдығына арналған «Сағындырған Сағынай» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Тағылымды өнер кешінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б. Махатов сөз сөйлеп, ақын Сағынай Ешекеновтің қазақ руханиятындағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол ақын мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – бүгінгі буынның маңызды міндеттерінің бірі екенін жеткізіп, мүшәйраға қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі.
Сыр өңірінің түкпір-түкпірінен келген 10 жас ақын қатысқан мүшәйрада қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде ақынның шығармаларынан өлең оқылса, екінші кезеңде Сағынай ақынға арналған арнау жырлар ұсынылды.

Жыр додасының шымылдығы ақын өмірінен сыр шертетін деректі еске алу фильмімен басталып одан әрі, ақынның дара жолын ұлықтаған кітап көрмесіне ұласты. Кеш барысында жырау Айбек Тәңірбергеновтің және аудан өнерпаздарының ән-жырлары орындалып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Жалағаш ауданынан қатысқан С. Жақып иеленсе, І орын Арал ауданынан А. Сайлауовқа, ІІ орын Сырдария ауданынан Д. Уәлиевке, ІІІ орын Қызылорда қаласынан Ұ. Ханзада қанжығасына байлады. Сонымен қатар мүшәйраға қатысқан өзге ақындар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Тағылымды кеш соңында қатысушылар мен көрермендер ақын рухына тағзым етіп, Сағынай Ешекеновтің өнегелі өмірі мен өрелі жырлары халық жадында мәңгі сақталатынын ерекше ықыласпен атап өтті.
"Толқын" ақпарат

09 мамыр 2026 ж. 47 0