Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «ЖЫР ЖАЗЫП КЕТСЕМ ДЕЙМІН ХАЛҚЫМНЫҢ ҚАЖЕТІНЕ»

«ЖЫР ЖАЗЫП КЕТСЕМ ДЕЙМІН ХАЛҚЫМНЫҢ ҚАЖЕТІНЕ»

Айдынды Арал өңірінің ақиық ақын­дары күллі Алашқа белгілі. Аққұм ауыл­ынан шығып, қазақ поэзиясында өз орны бар ақындардың бірі - Сағынай Ешекен­ов. Өнерге құштар болған жас жігіт театр әртісі мамандығын бітіріп, еңбек жолын сахна төрінде бастағанымен де, өнерге де­ген құштарлық оны жыр әлемінің аспан­ында қалықтатты. Отыз екі жыл ғұмыр кеш­се де, оқырманына тамаша лирикалық өлеңдерін қалдырды. Кейін олар "Мамыр­дың майда жаңбыры", "Сағыныш" атты жыр жинақтарына айналды. Өзімен тағ­дырлас таланттармен қатар "Арманда кет­кен ақындар" кітабына төл туындылары еніп, оған қазақтың қабырғалы қаламгері Оразбек Сәрсенбаев алғысөз жазған-тын.
Жақында ақынның туған жері Шижа­ға ауылында ақынның туған күніне орай Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектеп­тің ұйымдастыруымен "Жыр жазып кет­сем деймін, Халқымның қажетіне" атты мүшәйра болып өтті. Жыр додасында Ши­­жаға, Сазды ауылындағы мектептердің 18 үкілі үмітті талапкерлері бақ сынады.
Мүшәйра екі бөлімнен тұрды: бірін­шісі - ақын С.Ешекеновтің бір өлеңін мәнерлеп жатқа оқу, екіншісі - ақын рухы­на, поэзиясына, өміріне арналған өз өлең­дерін тыңдармандарға ұсынды.
"Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" де­гендей, балауса ақындар поэзияға деген сүйіспеншілігін көрсете білді. Арнау өлең­дері де ақын С.Ешекеновтің ерекше кел­бетін сомдай білді десек болар.
Жыр бәйгесінде Шижаға мектебінің талапты оқушысы Нұрай Жеткергенова терең мазмұнды, көркемдік деңгейі көңіл толарлықтай өлеңімен көзге түсіп, І орын иегері атанды. Балауса ақын Нұрай:
Жаттап жүрмін басын қосып көп жырдың,
Содан шығар еңсем биік тік жүрмін.
Бір арманым еліктемей басқаға,
Сағынайдай ақын болсам деп жүрмін, – деп ағынан ақтарылса, ІІ орын алған Ж.Түменбаев атындағы №60 Сазды мекте­бінің оқушысы Нұрәли Талғатұлы "Құмды ауылдың құнды ақын" өлеңінде:
Жырлары  Шижағаның самалындай,
Мағынасы маңғаз дала қамалындай.
Бұл өлкеде ақын жоқ тең келетін
Құмды ауылдың құнды ақыны Сағы­най­дай,-деп тебіренеді.
Мүшәйраның жүлделі ІІІ орнын жас та­лант Нұрайым Серікбай иеленді. Жыр бәй­гесіне қатысқан басқа да жас ақындар түр­лі аталымдар бойынша Алғыс хаттар ие­ленді.
Мектеп оқушыларына арналған осынау мүшәйраға бастамашы болған ақынның жары С.Сырлыбаева ұйымдастырушылар мен қатысушы оқушыларға алғысын айта отырып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әулеті атынан бағалы сыйлықтар табыста­ды.
Е.Кеңтоғай.
03 маусым 2025 ж. 157 0