Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті

Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті

Аралдың көгі жырға бөленді. Қай кезден де ақындықтың жалауын жықпай, арда өнердің абыройын асқақтатқан адырна ауыз, орақ тілді ақындардың ордасында аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, сатирик, аудармашы, сыншы Жарасқан Әбдірашевтың 75 жылдығына орай республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Ақынның ғибратты ғұмырынан сыр шертетін бейнекөрсетілім мен өлеңі оқылған сахналық қойылыммен бастау алған жыр мүшәйрасына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып:
– Бүгін Аралдың атын әлемдік сахнада айшықтап көрсеткен, арда туған азаматымыздың бірі әрі бірегейі, ақиық ақын Жарасқан Әбдірашевты еске алуға арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасы шымылдығын түргелі тұр. Бұл өлеңге деген құрметі шексіз аралдықтар үшін тағы бір рухани серпіліс. Халқымыздың заңғар жазушыларының лайықты ізін жалғаған Жарасқан Әбдірашев ағамыз құт қонған мекен Арал топырағында дүниеге келіп, бала кезден-ақ жырды жанына тұмар етті. Шалқар шабытымен жақұт өлең өрді. Туған халқына, еліне, жеріне арнап 20-дан астам кітап жазып, өскелең ұрпаққа рухани азық қалдырды. Өлең – өмірдің үзіліп түскен бір тамшысы болса, сол тамшыны теңізге айналдырған ақын қаламынан туған шығарманың қайсыбірін алсақ та тұщымды ой, өнегелі тәрбие айқын көрінеді. Қазақтың көрнекті ақыны Қадір Мырза Әли: «Талант – халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді» – дегендей ақындар мүшәйрасына келген барша сөз жақұтын терген ақындарымызға ыстық ықыласы мен шынайы ниеттеріне алғысымды білдіремін. Ұшқыр ойларыңыз бен шалқар шабыттарыңыз таси берсін! – деп барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жыр мүшәйрасына Қонаев қаласынан Үмітбек Бағдат, Қостанай облысынан Дәулет Жадырасын, ақтөбелік Исламғали Аманжол мен Дәурен Тілеухан, түркістандық Арқалық Әмәлият пен Азамат Әлібек және Сыр елінің ақындары Бекжан Ержігіт, Жасұлан Серік, Жанғазы Данабек, Тұрар Бекмырзаев, Аружан Оралбай, Әли Асқармен қатар аралдық Алтынбек Қыстаубаев, Айда Мырзабековалар қатысты.
Жарасқан ақынның топырағында ерекше шабыттанған 14 ақын тыңдарманның көңілінен шығып, бірінен-бірі оза шапты. «Дала, сенің ұлыңмын!» атты осы мүшәйрада ақындар алғашқы тақырып бойынша Жарасқан Әбдірашевке өлең арнаса, «Сүйінші, теңіз анам келе жатыр» тақырыбы аясында теңізді өлкені жырға қосты.
Тартысты жыр бәйгесінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қызылорда облысының құрметті ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы, қазылар алқасының төрағасы Толыбай Абылаев, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Оңталап Базаралиевтердің шешімімен жүлделі ІІІ орынды Ж.Серік, А.Оралбай өзара бөліссе, ІІ орын А.Әмәлияттың еншісіне тиді. Қостанайлық Дәулет Жадырасын І орын иегері болса, арылдық Аида Мырзабек бас жүлдені еншілеп, мүшәйра жеңімпазы атанды.
Жүлдегерлерге арнайы марапатпен қоса, қаржылай сыйлықтар табысталды.
О. ЖОЛДАСОВ
25 мамыр 2023 ж. 1 137 0