Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті

Облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті

Сыр елі қашаннан қара өлең мен жыршылықтың мекеніне айналған. Шайырлар мен сүлейлердің, талай дарабоз өнер иелері мен жыр жампоздарының арасында аламанда аты озған аралдық ақындар аз емес. Есімі елге мәшһүр кешегі сөбелі сөздің, өрнекті жырдың ізбасарлары да ұлы өнерден кенде емес. Талай белесті бағындырып, топтан озған өр ақындар ақындықтың желісін үзбей, Аралдың атын өнер сахнасында асқақтатып келеді.

Қара сөздің қадірін түсініп, қатпарлы тарихты тебірене жырлау үшін қаланың 95 жылдық мерейтойында аймақтық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Арал қаласының және белгілі ақын З.Шүкіровтің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Кіндігім бірге Аралмен...» атты бұл жыр бәйгесінде жалынды жастар өнерлерін ортаға салды.
Ақындар сайысына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып:
– Өздеріңіз білетіндей, биыл тарихы теңізбен ұштасқан Арал қаласына 95 жыл толып отыр. Ауданның бас шаһарының айтулы мерекесі қарсаңында өткізіліп отырған ақындар мүшәйрасының мақсаты – сөз жақұтын терген таланттарымызға қолдау білдіру. Шығармашылық ізденіс жолындағы жандарға демеу беру. Өлең мен жырды қару етіп, ұлттың кешегісі мен бүгінін түгендеудегі еселі еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Ұшқыр ойларыңыз бен шалқар шабыттарыңыз таси берсін! – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан қатысқан үміткерлерге Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы, ақын Ерғали Абдулла және ақын Құлекешов Қайрат қазылық етті.
Мүшәйра ережесіне сәйкес ақындар алдымен жалынды жырларын Арал қаласының 95 жылдығына арнаса, екінші кезеңде З.Шүкіровке арнаған жырларынан шашу шашты.
Арал қаласының тарихымен бірге ақын З.Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығы жайында тереңнен деректер айтылды. Адырна ауыз, жебе тілді жүйріктер қатар шауып, ақындар аламанының алдын бермеуге тырысты. Ауыздығымен алысқан асау аттай өлеңімен жиылған жұрттың делебесін қоздырып, қолпаштай соққан қошеметіне қарық болды. Төл өнердің қаймағын бұзбай, қалың көрерменге тарту еткен аймақтың жүйрік ақындары жырды сағынған аралдықтарға шадыман шаттық, ерекше рух сыйлады.
Тартыс өткен жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша үшінші орынға аралдық Гүлжанат Әйтімова, қызылордалық ақын Айбану Қалиева және шиелілік Рахметулла Жолтаев ие болса, жүлделі екінші орынды Арал ауданынан қатысқан Қойбағаров Алмат пен жаңақорғандық Азамат Қайратұлы еншіледі. Ал аралдық ақын Алтынбек Қыстаубаев жеңіс тұғырынан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.
О.ЖОЛДАСОВ

17 қазан 2022 ж. 3 997 0