Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙМАҚТЫҚ ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

АЙМАҚТЫҚ ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Кеше белгілі айтыcкер ақын, сазгер, жыршы-термеші, жерлесіміз Бекұзақ Тәңірбергеновті еске алуға арналған «Тұма жыр, сиқырлы әуен, бұлбұл – Бекұзақ» атты облыстық термешілер байқауы өтті.Аталмыш жыр додасы ақынның туған жері Шижаға ауылындағы Б.Тәңірбергенов атындағы ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Тағылымы мол шара ақынның балалық шағынан бастап өнер әлеміндегі өнегелі өмірін қамтыған әсерлі қойылыммен басталды.
Айтыс ақтаңгерін еске алуға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
-«Ерекше дарын иесі туған өлкеміздің рухани әлемінде жасындай жарқылдаған айтыстың ақтаңгері, термешімен қатар жыршылықпен де көпшілікке танылды. Жарық дүние әлемінде бар болғаны 44 жас қана өмір сүрген ағамыздың артында рухани мол мұрасы қалды. Белгілі ақынның есімін ұлықтап, рухын құрметтеп келген азаматтарға, құрметті қонақтарға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жыр додасына қатысушы жыршы-термешілерге сәттілік, шалқар шабыт тілеймін» - деп ізгі лебізін білдірді.
Мұнан кейін облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығының басшысы Жанат Құрамысова сөз алып, Б.Тәңірбергенов атындағы ауылдық мәдениет үйіне домбыра аспабын тарту етті.
Төл өнерді төрге оздырған байқауда аймақтың белгілі термешілері бас қосты. Сахнада өнер көрсеткен жыр саңлақтары қос кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы кезеңде өнерпаздар Бекұзақ Тәңірбегеновке арналған жырларын, екінші кезеңде ақын туындыларын нақышына келтіре орындады.
Байқауға республикаға белгілі жыраулар Демеубай Жолымбетов, Айбек Тәңірбергенов, Майра Сәрсенбаевалар қазылық етті.
Байқаудың бас жүлдесін Қызылорда қаласынан келген өнерпаз Үкітай Ерниязов жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Арал ауданынан қатысқан Абылайхан Бектасов, екінші орынды жаңақорғандық Әсем Ерболқызы иеленді. Ал жүлделі үшінші орын қармақшылық Жұлдызай Тұрлығова мен аралдық Бексұлтан Орынбасарға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
03 желтоқсан 2022 ж. 457 0